29.08.2022
  98


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Бурыл түн. Көк жиекке айшықпаған

Бурыл түн. Көк жиекке айшықпаған
Жұлдыз жүр аспан– көлді айшықтаған.
Төсекте мен жатырмын сені еске алып,
Түйіліп жаз– қабағым ай шытпаған.
Қайыңды шешіндіріп жалаңаштап.
Жел– ерке жапырақты ала қашпақ.
Болғанда, жанарыңа жат үңіліп,
Құшағың қусырылды маған ашпақ.
Əзірлеп көңіліме мол азықты,
«Сүйіктім!» деп жазатын қол азыпты,
Күрсіну жүрегімді тоңазытты.
Кешкілік аралға өттім құс атқалы,
Аққуын қалқалады ұсақ талы.
Есіме егіз аққу сені салды,
Менің дəу қайратымды ұсатқалы.
Өзіңнен алыс жүріп, алыс тұрып,
Ымыртта қозыларды табыстырып.
Шырқадым «Сырымбетті» сені еске алып,
Ойымды бөлді қойшы шал ысқырып.
«Таулардың мен баспаған құзы қапты»
Дедім де таңмен ерттеп қызыл атты.
Жондарды жоталадым сені еске алып,
Арнасын ой– бұлағым бұзып ақты.
Сəскеде жылқыларын еңістетіп,
Əн салды жылқышы қыз келісті етіп.
Сол сəтте тағы сені есіме алдым...
Баяғы арманымды желісті етіп.
Қайғыны санамасын саусақ əлі
Мұндайда шытырман ой ау салады.
Тірелдім тұңғиыққа, кешір жаным,
Қызықты айтып кімдер тауса алады...
Білмеймін жабықтым ба, мұңайдым ба,
Құлағы шулап жатыр құдайдың да.
Өзіңді еске аламын, кеш қарағым,
Төсекке қайта-қайта құлаймын да.
Біз баста екеу едік, бүтін едік;
Əманда, болашақ бір түтін едік.
Өмірге Махаббат пен Арман келер.
Күндерді қиялменен күтіп едік.
Біз баста тату едік құшақтасқан,
Тұрса да сенің үйің үш-ақ бастан.
Өмірді білуші едік, күлуші едік,
Елдерге төбелескен, пышақтасқан.
Біз баста сертімізге берік едік,
Біріміз-бірімізге серік едік,
О баста сен Қайраттан мен Айгүлден,
Дəл мына бүгінгідей жерімедік.
Біз баста жұбымызбен көрікті едік,
Ой жібін он қайтара өріп те едік.
Сонда біз сен жұптасып, мен жалқы боп,
Жүретін күндер барын көріп пе едік?!
Жаныма мұң көрмеген, бастықпаған,
Білсін деп берген шығар жастық маған.
Өткендер оралмайды. Алда мақсат:
Болмақшы не жазса да бастық– қалам.





Пікір жазу