Еске алу
Қабылдап табиғаттың шуақты айын,
Наздана сырласқанда бұлақ, қайың.
Құзынан көкіректің о, сəулешім!
Мен қалай өлең тасын құлатпайын:
Мен емес сиынатын құдайға сан,
Жер төсін аяғыммен нығай басам.
Алдында бірақ сенің кішірейем,
Кеш жаным тұнығыңды ылайласам!?
Кезсең де ақыл-ойдың қай қаласын,
Көп шығар күннен күтер, айда аласың.
Бір ұшы арманымның өзіңде еді,
Өлеңім өзім болып аймаласын.
Есіңе ал аяулы бір кісім десең.
Не шара жан сырыма түсінбесең,
Кешірме! Жалған айтып, жабықтырып
Өлеңді артық сырлап мүсіндесем.
Мен тудым маусымда ма, ақпанда ма.
Түсте ме, түнде ме, таң атқанда ма..
– Жалғасы өмірімнің жалын ұрпақ,
Келді– деп қуанды əке, мақтанды ана!
...Өмірім өксітпеді, жасытпады
Ойнадым «Соқыртеке», асық тағы,
«Мысық пен тышқан» болу, «жасырынбақ»
Деймісің көңілімді тасытады.
Өмірім шерлі етпеді, кекті етпеді.
Нұр септі бір бүршігін көктеткелі.
Қысқасы – ұзын сөздің: еркін өстім,
...Бірге өтті жылдарымыз мектептегі.
Шіркін-ай қызық еді-ау балалық кез
Жатпайтын бейтанысқа қадалып көз.
Қуатын күні бойы көбелекті,
Бұл басқа қалай келді «жаңалық» тез.
Қыз едің бадырақ көз, қысқа тұлым,
Көрмейтін жазда тыным, қыста тыным.
Топ бала доп ойнасақ өктем үнмен:
Дейтінің есіңде ме: «қысқарт інім».
Арада жылдар өтті байқалды ма?
Табиғат балалығын қайта алды да.
Біз кеттік құшақтасып есіңде ме,
Қызықты махаббатпен қайтарды да.
Мінгенде жалын тартып қарагердің,
Еңбекке жолдама алып қала бердім.
Сен кеттің онжылдықты бітірдің де,
Жол таптың оқу іздеп, қала көрдің.
Білесің сері емеспін бұлғақтаған,
Жүзім бар жел аймалап, күн қақтаған.
Ойылып алақаным, терім ақты,
Сол үшін өмір шіркін қымбат маған.
Өмірдің бар ғой жаным жүз өткелі,
Киіндім түнде жылқы күзеткелі.
Атайға өткен қыста қой бағысып,
Істеймін қалаушы боп күз өткелі.
Қиялға құм күретіп, тас қалатып
Тауларға шеке соғып, бас қанатып.
Жүрсемде тұр алдымда «Сарықобым»,
Маңдайын жол– жыланмен қасқалатып.
Қойнына құс паналап, аң ықтасын,
Өзгелер жерұйық деп анықтасын...
Қалсаң бір тай үстінен сыпырылып,
Танисың қына түкті мамық тасын.
О, Шіркін! Дала қандай, ауыл қандай,
Жай толқып жата алмадым дауылданбай,
Жүрмедім қабағыма қырау қатып
Беймаза жан жүрегім ауырғандай.