29.08.2022
  103


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Ісімді менің қостаған...

Ісімді менің қостаған,
Көп екен мұнда дос маған.
Алдыма жайды көңілін,
Мен екем санға қоспаған.
Жайымды менің есіткен.
Директор кірді есіктен.
Жандарға мұндай жүректі,
Берсем де аз ғой кесіп мен.
Қамқоршы достың молы шын.
Бəрі де бермек қол ұшын.
Алдыңа жаймақ көңіл бар,
Түрегел– деді– сол үшін.
Ұстаздың қиын жолы шын.
Қажымау – сенің борышың,
Күтеді сені көп шəкірт.
Түрегел – деді– сол үшін.
Тірліктің дəйім жолы-шың,
Өрмелеу – сенің борышың.
Əкелік сенде жүрек бар,
Түрегел – деді– сол үшін.
Үміттің басып белесін,
Ақылдың мініп кемесін.
Қайратпен қайта бекіттім,
Ұстаздық істің «шегесін».





Пікір жазу