Араша
(Алғашқы хирург Уатқан Жарқынбайұлына)
Отаным, ұлың едім күрсінбеген,
Кəнекей, не сый күтіп жүрсің менен.
Болмассың риза – қош ұсынбасам,
Жырларын жүрегімнің кір сіңбеген.
Көрмегем бас қатырып бақсы лаңын,
Келмейді бал ашқасын бақ сынағым.
Көрінсе өлеңімнен болды маған,
Көк аспан жасыл дала, жақсы ұланың.
Өмірдің жыры барын, күйі барын,
Ұмытсам, аласарар биік арым.
Біл, Отан! Поэзия – теңізіне,
Өлеңім – өзен болып құйыларын.
Күн батып, өмірге ымырт – шебер еніп,
Көк аспан көп жұлдызбен шегеленіп.
Қалғанда дала мүлгіп, жел желігіп,
Қағады терезені шебеленіп.
Өзгенің ұйқы болып аулағаны,
Түн жарты. Төсектерде аунағалы.
Жалғыз жан. Жаюлы стол. Ашық кітап,
Бұл үшін жылы төсек аулақ əлі.
Қорада əкесінің құны қалып,
Кезсе де тауда қасқыр ұлып алып.
Əсерсіз бұған бəрі, ой соңында,
Екі көз деп тұрса да «тынығалық».
Арманы ертеңімен қолтықтасып,
Кетеді кезеңдері жортып басып.
«Өлімді жеңу керек» дейді ішінен.
Ыстық қан күдік – жардан толқып тасып.
Дейді ол сəл ойланып басын ұстап:
«Кезекті, амал нешік, асығыста-ақ.
Өлімге сатпау керек, сақтау керек!»
Толқиды (жастың жайын жас ұғыспақ).
Төс əкеп төр алдына төсе кілем,
Онсыз да елдің аулақ өсегінен.
Осы сəт екінші бір жамбасына,
Машасы аунап түсті төсегінен.
ІІ
Жүректей үлкендігі томағалық,
Ұшады сансыз үміт қона қалып.
Басылып жатыр жиі көрік – кеуде,
Ажарынан айна – көздің тонап алып,
Кірпіктер кірігісіп, шалынысып,
Гүл – дене сұлық жатса жанып ысып.
Тұрады-ау «өлім» сөзі келіп кетіп,
Тіршілік... өмір... ойдан сан ығысып.
Көп асу көп кезеңді аттамай-ақ,
Сүйкімді нұрлы реңін аққа бояп.
Төсекте жатыр біреу арпалысып
Ана тұр, бəйек болып жақтап аяп.
Тұрмады дерт дегеннің жыны ұстамай,
Келер таң көзден атты тыныстамай.
Көгеріп ерін кеуіп, қабақ түсіп,
...Тілеп жүр жанын мұның туыс талай.
Үмітті арманыңның нарқы басып,
Кез қайда жүретұғын жарқырасып.
Жарымы құлағына құйылады,
Аузына су тамызсаң жарты қасық.
Сандырақ...шашын жұлып уыстайды.
Сөйлеуге ерінге ерін жуыспайды.
Тілейсің бір туысың жатса осылай,
Жаныма болмасын деп туыс – қайғы.
Білемін заңдылық көп айдан анық,
Келемін мен де солай пайдаланып.
Ауру – ажал емес, қауіп қана.
Деп жүрме: «ақын мұның қай даналық?»
Мейілі, болмаса да бауырласым.
Тілегім: өмірде адам ауырмасын!
Демеймін: Əлде кімді ажал алып,
Мұң-нала жүректерді жауырласын.
Бір апта. Жүргеніне сырқаттанып,
Екі күн. Қалғанына сырқап талып.
Дəл қазір жүрек қана жыбырлайды,
Шіркін-ай, кетпесе екен «сыртқа» аттанып...
«Қармақта кетер ме екен бала шабақ,
Əлде кім алар ма екен арашалап».
Осы ойда тұрғанында кіріп келген,
Адамға қарады ана тамашалап.
Бұған дерт тұр кешеден мұндаланып.
Ойланды жүректі бір тыңдап алып:
«Ой сағат ендігі өмір... Оянбайды.»
Онан соң жоғалады құмда қалып.
Асығыс, өте асығыс. Шара нешік,
Кешіксе бір жас өмір қалады өшіп.
«Тəуекел – түбі қайық– мініп алса,
Кете ме бір теңізді дара кешіп.
«Тəуекел», «жоқ» екеуі кезектесіп,
Қорқыныш тұрып алды өзек тесіп.
Ананың толқынымен бірге толқып,
Қояды сестраға: – тез ек! – десіп.
–Досың ғой бір жүгірген балақ түріп–
Деді ана оқ кірпігін қадап тұрып.
Бер, балам, дертіне бір шипа тауып.
Кетпесін кəрі көзден қан ақтырып.
– Шеше, сіз, дем алыңыз, қорықпаңыз!
Бəлен деп айта алмаймыз жорып та біз.
Берсеңіз ұрықсатты жарып көрем,
Əтеуір, кісі өлтірмеу жорықтамыз.
Демеңдер өзгереді оның түсі неге,
Жат сөзді ана жаны түсіне ме:
– Барма еді, қарағым–ай, өзің білші,
Емдеуің пышақ салып кісіге де.
Ей, Алла! Қуатың бер қарағыма,
Тілеген тілегімді жар ағына–
Деді де жаулығымен сүртті көзін,
Жас толып көз – бұлақтың тарамына.
ІІІ
Тұрғандай күлімсіреп сырласқалы,
Төбеден төнді елімнің сырыл аспаны.
Жыр болса жақсы ағайым, жақсы ағайын,
Ала кеп шабытыңды жырлас кəні.
Адамға беріп өмір батырлықты,
Аспанды төбесіне шатыр ғыпты.
Астында сол шатырдың, бір бөлмеде,
Столда ауру жан жатыр «мықты»...
Ақ құба, сұңғақ бойлы, қалың қасты,
Төнеді алмақ болып «алынбасты».
Қорқыныш бет қуартып, тер ағызып,
Толқыған жүрегіне жалын басты.
Қолына өткір, жеңіл пышақты алып,
Кірісті тəуекелге үш оқталып.
Ымымен көмекшіге əмір етіп,
...Саусақтар кете барды іш ақтарып.
Жатыр тек аурудың құр сүлдері.
Ышқынып шипалы қол жүрсе ілгері.
Қолдары дəрігердің де діріл қағып,
Жүрегі абыржудан дүрсілдеді.
Өмірі батылдыққа үйретті ізгі,
Батыл қол дерт жиналған бүйректі үзді.
...Жүзіне əмірші мен көмекшінің,
Нұр қонады қарын етке түйреп бізді.
Сəбидей жатқан жанды «бесіктегі»,
Мəпелеп оғаш үндер есітпеді.
Аздан соң көмекшінің бірі шығып:
– Шүйінші! – деді анаға есіктегі.
Күнгірт ой үміт қуып айықты ма,
Қу құлақ басқаша бір жай ұқты ма.
Қарт ана табан асты құлап түсті,
Кім білсін, тозған дене айыпты ма.
Үміт – от жүректерде жанайын деп.
Бөлісіп шүйіншіні ағайын–бек.
Жатқанда, жабық есік кең ашылып,
Ананы құшақтады ағайым кеп...
ІV
Түн келді. Екінші түн кезектегі.
Уақыт зымырайды тез өткелі.
Жалғыз жан. Жаюлы стол. Ашық кітап,
Күдікті ой шықпай отыр өзектегі.
Кітапты саусақтарға парақтатып,
Көз ілмей отыр тағы қарап қатып.
Заңы ғой қиыры мол, қиын істің,
Адамды шегеретін тар аттатып.
Мен де əлі өткемін жоқ қиындықтан,
Жан да жоқ сырды біліп, сыйымды ұққан.
Кім білсін, өзім туған өлеңде де,
Бар шығар асаулығым үйімді «ұтқан».
Ертеңнің құлан иек құла таңын,
Қарсы алып, құздан өлең құлатамын.
Асығам Ертеңіме асығамын,
Өмірдің құз–шатқалын ұнатамын.
...Асылы, қазынасы жер үстінің,
Асыл ой... Азапты күн... жеңісті күн.
Бəрі де кітапта ғой, кітапта ғой.
Тапты екен ағай қандай жеміс бүгін.
Мен мейлі айтпасам да мақтап атын,
Елімнің ақ үміті ақталатын.
Орнынан кенет тұрып шықты үйінен,
Үстіне іле салып ақ халатын.
Жым–жырт түн. Мүлгіп қалған дала тағы,
Кешікпей шолпан туып, таң атады.
Санаспай оныменен халатымыз,
Аралап кете барды палатаны.
...Сырқатты кəрі қандай, бала қандай,
Тексеріп шықты қолымен санағандай.
Екі көзі жасауырап есінетті,
Шамасы, жылы төсек қалағандай.
Тұрғанда күн батысқа түн ыққалы,
Құлады төсегіне тыныққалы.
Өмірге тегін келіп, текке кетер,
Жан емес рахатқа құнықпалы.
Кетсең бір шым-шытырық ойды қуып,
Өшпей ме тұрған ұйқы бойды буып.
Ойына əлде нелер кіріп шығып,
Ұйқыны көзіндегі жойды қуып.
Төсектен жамбасының жымы қашып,
Аунады екі көзін жұмып ашып,
Кеудесін кере үрлетіп ауа жұтты,
Ежелден етпесе де мұны машық.
Елімнің тамашалап бай даласын,
Үңіліп терезеден ай қарасын.
Ісі жоқ оныменен, адал ойы.
Кезеді күндізгі істің айналасын.
Өмірден аларында енші бүгін,
«Əлде бір болды ма– деп– кемшілігім».
Жастықтан жатқан басын алыстатты,
Ұмытқандай дүниенің кеңшілігін.
Бір өзің сақтайтындай байтақ елді,
Осының не – деп жеңгей айта берді,
– Кешіргей – деді де бір жайлап күліп,
Киініп палатаға қайта келді...
V
Арада күндер өтті тоқтамастан,
Жылайды тырналарын жоқтап аспан.
Тік басты аяғынан жігітіміз,
Алынып қатерлі, сұм «ноқта» бастан.
Əн айтқан жаз бойына бұлақ тынып.
Жел-жеңге, өсегінен құлақ тұнып.
Жасыл жон сары киер күндер жақын,
Беретін тауларға бұлт тымақ тігіп.
...Шалқар түс. Күн шекеден қарады аунап.
Жел қуып, бұлттар қашып, барады аулақ.
Күз келіп гүл реңін алып жатыр,
Есесін жазда кеткен жаңа даулап.
Өтуге асықса да айларымыз,
Болса да қарлы қысқа айбарымыз.
Көңіл шат... Айғағындай əнеу үшеу,
Күлім көз, күлкілі ауыз, жайдары жүз.
О, Анау таныс жігіт, таныс ана.
(Жүректер осылайша табысама)
Əңгіме... Ортасында жақсы ағайым,
Білетін ажалменен алыса да.
Күдік ой он айырылып, бес табысып,
Қорқытып өткен күнді еске алысып.
– Əр қашан қиындықты жеңеміз! – деп,
Екі жас қол алысты төс қағысып.
Дəрігерді ана жүрек биік көріп,
Маңдайдан сүйді алғысын үйіп беріп.
Үшеуі құшақтасып ұзай берді,
Жатпадым мен де өзгесін жиып-теріп.
Қосылып ақ анамен далам мықты:
«Көрме-деп-жағың түспей жамандықты».
Алқады. Мен де ішімнен күбірледім:
– Өмірде адам мықты, адам мықты!!!...