29.08.2022
84

Жаз
Жаз ерке қырға тағып қызғалдақты,
Шопанның қуанышын жүз барлатты.
Жаз басы – қырықтық кез, тасқын өнім,
Ырысын аямапты, қызғанбапты.
Жаз деген – бұлақ сұлу, бұратылған,
Жазбенен – жүректерден жыр атылған.
Шопанның самал төсте шалқыр шағы,
Сапырып бал қымызды шұбатылған.
Жаз деген – толқын атқан күй ырғағы,
Ырыс боп ақ жаңбырдың құйылғаны.
Жаз деген – шаттық-думан мерекелі,
Шопанға жайлы төсек бұйырғаны.
Сейіліп ауыр салмақ иығынан,
Тасқындап кеудесіне құйылып əн.
Төлі аман, өнімі мол, қойы семіз,
Шопандар күліп тұрар миығынан.