Қыс
Ақ боран əкесінің құны бардай,
Ақ бұрқақ басылмайды ұлып алмай.
Алды қар, арты үскірік дүлейменен,
Шопандар алысады тыным алмай.
Қыспенен буынғанда белді бекем,
Шопанның қойны толған ерлік екен.
Кəрлі қыс жалмауыздай жалмаса да,
Қайратын шопандардың жеңді ме екен?
Қыс деген – қиындықтың жүз батпаны,
Қара жер қаймығады мұздап тағы.
Қыс деген – ауыр азап, қатерлі сын,
Шопанның кірпігіне мұз қатқаны.
Қыс деген – емен таяқ иілгені,
Даланың ақ тонымен киінгені.
Қыс деген – ерте тұрып, кеш жантаю,
Табиғат қабағының түйілгені.
Қыс деген – ажал аузы аяры жоқ,
Қамсызға қайран малдың баяны жоқ.
Қыс деген – қызыл көзді пəле нағыз,
Қамдыға жайлы қора маялы шөп.
Қыс деген – қоралы қой дірдектеген,
Шопанның көз алдынан бір кетпеген.
Қыс деген – ақ теріскей, қара күнгей,
Қыс деген – қысқа жіптей күрметпеген.