Семейге
«Ар жағы Аякөздің Семей ме екен?
Сөйлеткен тіл мен жақты көмей ме екен»...
Бір өлең өзі жайлы жазбай кетсем,
Жаман ұл, жөн білмес ұл демей ме екен.
...Ұйқылы сары даланы жондап өтіп,
Келемін өлеңімді жолдама етіп.
Жанымды жүйрік поезд тербетеді,
Тайпалған шабыт қызды жорғалы етіп.
Жанымды тербей – тербей ырғаламын,
Қолымда ерттеулі аттай тұр қаламым.
Бармасам шабыт – қызбен қызқуарға,
Жітіттік намысымнан құр қаламын.
Шу, кеттім ой жүйрігін қамшыланып.
Артымда шаң аралас тамшы қалып,
Көсілген ен даланы көктеп өтіп,
Тоқтармын жон терімнен қан шығарып.
Білмеймін төбелердің аты қандай?
Келеді қойлар кезіп оты қанбай.
Жылқылар жазықтарда қар тебеді,
Селеудің селдір басы татығандай.
Қалғиды таулар жолдан аулақ тұрып,
Қашады құйын қарға аунап тұрып.
Бір шумақ өлең жазсам алғандаймын,
Түлкісін осы қырдың аулап, қырып.
Талаптың тасқа ұрсам да ұстарасын,
Өмірдің тегін жемен мысқыл асын.
Сол үшін толғанамын, толғатамын,
Болсын деп жазда үлесім, қыста аласым.
...Сырыңа қанық ұлың, аян ұлың,
Алдымда мақтап отыр бай ауылын.
– Анау – деп тағы сілтеп қойды, міне,
– Моласы Қозыкөрпеш – Баяныңның,
Түссе де жалғыздықпен жан бүлікке,
Жартасың жаңғырықсыз əн біліп пе.
Өзіңде Абай туып, арман қуып,
Өзіңде көзін жұмды мəңгілікке.
О, Семей саған келер таң өртенді,
Көре алмай талай ғашық жаны өртенді.
Абайдың Тоғжанынан айнымаған,
Көрдің бе өзің менің жанеркемді?!