29.08.2022
  141


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Жар сөзі

Өмірдің алып сыйлығын,
Өлеңді жүрсем бақ танып.
Өзіңнің əрбір қимылың,
Жадымда жатыр жатталып.
Жадырап бір сəт толғасам,
Жаныма көктем, жаз да сен.
Өмірде өзің болмасаң,
Жақсы өлең мəңгі жазбас ем.
Мен де бір тірі көктеммін,
Тағдырым қайғы жазбаған.
Сенімен бірге өткен күн.
Қыс болсын, мейлі, жаз маған.
Алыста жүріп, сені іздеп,
Сағына күтсем ай, күнді.
Ұқ мені – кіші теңіз деп;
Сағыныш деп ұқ айдынды.
Жанымды менің гүл десең.
Гүл үшін шуақ көп керек.
Шуақты бере білмесең,
Қаламын, жаным, өкпелеп.
Жейміз ғой мəңгі бір опық,
Махаббат сырын жай ұқсақ.
Отырмыз кəзір жыр оқып,
Жүректі алға жайып сап.
Екеуміз – жүрек қақ бөлген,
Тағдырдың өзі тең етіп.
Махаббат – сəби пəк келген,
Асырап жүрміз телі етіп.
Махаббат – жүрек жиі ұрған.
Махаббат өшпес мəңгі өмір.
Біздерге солай бұйырған,
Қосайық сəулем əнге бір.
Көңілім менің – күй, дастан.
Көңілім менің – домбыра.
Көңілім – досың сыйласқан,
Тыңдаймын десең оң бұра;
Көңілім – бөбек тəй басқан.
Айта біл жаным əлдиді.
Көңілім – кейде айлы аспан.
Тілейді ол да əн, күйді.
Көңілім менің – айлы аспан.
Айлы аспан – бейне шар айна.
Онда да бұлт бар жайғасқан
Жаумасын, жаным, абайла.
Көктемнің гүлін көтермек.
Көңілім менің – дала ғой.
Күрсінбей мəңгі өтер деп.
Өзіңе бердім ала ғой.
Көтеріп үйдің аспанын,
Таңым боп атып жүрсің сен.
Жабығар менің жас жаным,
Найзағай болып күрсінсең.
Таң атып, міне, қалды ғой,
Нұр таңнан нұрлы ой алшы.
Жұлдызым болып жандың ғой.
Күндізім болып ояншы...





Пікір жазу