29.08.2022
  124


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Ұстазыма

Əлдилеген анам қалып қашықта,
Құшақ жайып сапар шектім алысқа.
Парта үстіне алғаш келіп отырдым,
Елеңдеймін мейірленген дауысқа.
Маған деген мейірімділік жүзінен,
Көрінгендей қимылынан, көзінен.
Қабылдады жарқын мінез бір адам
Сөзі бірдей анашымның сөзімен.
Анам түсіп отырдым мен есіме
Қарай бердім қимылына тесіле.
Өзге тұр ғой өзімнен де жасқанам
Сөйлемеймін үйдегімше шешіле.
Түсінеді айтпай менің сырымды
Үйреткен бе ағайларым бұрынғы.
- Былай ұста қаламыңды, былай жаз,
- деді, маған шорқағымды ұғынды.
Əлдилеген анашымдай білінді,
Түсінеді менің шүлдір тілімді.
Ойын бөліп, зерін сала жас маған,
Үйретуге ынтығады білімді.
Ойым толқып, қолым да тез жатықты,
Аз-ақ күнде жазып алдым атымды,
Жаңа достар жаңа туыс болды ма,
Болып алдым бұрынғымнан батымды.
Жас шағымды осы орнымда өткіздім,
Жүрек гүлін ұстазыма еккіздім,
Өсе бердім ұстазымның алдында,
Сəби ойды жігіттікке жеткіздім.
Сонда күткен зор сенімді ақтаймын,
Мінезіңді өз бойыма жаттаймын.
Анашымнан артық болған ұстазым,
Өзіңізді жүрегімде сақтаймын.





Пікір жазу