ЕР ЖАСЫНДА ЕЛЕУЛІ
Өз кәсібін сүйетін ерікпеген,
Ақыл оймен жазғанына көрік берген.
Төлебидің қасқасы Жексенбаев,
Бірге оқыдық ҚазМУ-де Серікпенен.
Алау жастық шақтарым бірге өткен,
Ғажап қандай кез еді сұлу неткен.
Шаһарында Алматы апорт терген,
Зуылдап студент шақ ол да кеткен.
Есте қалған кездер мол жадымызда,
Дақ түсірмей жүрдік біз арымызға.
Тәлім берді Қабдолов, Қожакеев,
Тәуба дедік Амандосов барыңызға.
Садырбаев сексенге келген бүгін,
Сұлтанғали арқалап өнер жүгін.
Жатқан шақта аузымыз ашылып қап,
Сіміргенбіз тілден бал сөздің түгін.
Марқұм Қадыр ақынды тыңдағанбыз,
Тебіренген жырына тың даламыз.
Бауыржандай қаһарман қонақ болып,
Сөзін тыңдап, тірі де шыңдалғанбыз.
Тұрымтайдай анадан тәлім алдық,
Мейірі мен шуағы алтын сандық.
Қолдан ұстап, жетектеп шырылдаған,
Сәттеріне сүйсініп... аң-таң қалдық.
Сол күндердің еншісі сабақ бізге,
Отыз жылдан асыпты салған ізге.
Ешкімді де жатсынбай Азат елде,
Ер жасында еленіп келдік түзде.
Қызбаламен шуаққа бөленді елі,
Гүлжан қызбен қызыққа бөленгелі.
Дүниеге Ербол, Ерлан, Сағым келді,
Шаңырақта бақ-береке еленгелі.
Ұл-қызыңнан ұшырғандай аққанат,
Жандарыңа дауа Медет, Баққанат.
Неткен шырын сүйген жанға немере,
Көбейсінші өрістерің Қарақат.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шағында,
Тоқтап қалмай курстас-дос арында.
Тәуелсіз ел тыныс берген – тұлпарға,
Топтан озғын шабытыңның барында.
Бәйге алсаң курстасқа жұбаныш,
Қайырғали, Айгүліңе қуаныш.
Аманғали, Базаркүлге жұғысты,
Болсын дейік сыйың әркез құп алыс,
Ер жасында жүрсің жұртқа елене,
Тірлігіңмен мол табысқа кенеле.
Білсең бауырым біздің тірлік ертеңгі,
Өскін ұрпақ жастарыма өнеге.