29.08.2022
  111


Автор: Талғат Орманов

ЕЛ ЕРКЕСІ

Таусылмайды келгенге берер сыйы,
Ата қоныс Жұлдызда заңғар үйі.
Таң атқаннан, зыр қағып тыным көрмес,
Бейнетпенен бала-шаға тәуір күйі.
Жылу төккен жанарынан қарасы,
Тату болсын ағайынның арасы.
-Деген дәйім пейіліңнен айналдым,
Сері досым, Ағыбеттің сарасы.
Дарқан дала саған берген тазалық,
Кеңдік сыйлап, жаратқанды таза ғып.
Майбұлақтың ұшқыр қиял баласы,
Жайлы бүгін тәлім өлең жазалық.
Асық ойнап, тартып мінген ат жалын,
Ғажап ойы көкжиекте от жалын.
Әулетінде ерте сезім бүржарған,
О-бастан-ақ, құдай берген нақ дарын.
Ойы алғыр кеңпейіл замандасқа,
Соқсам үйге дәл түсем дайын асқа.
-Енең сүйеді,-дегенде ақтарыла,
Текті тұлпар елестейді дара қасқа.
Нарық-заман соққанда жел өтімен,
Шағын ауыл еленген келбетімен.
Ескерткіш майдангерге тағзым етіп,
Қойғанда сүйгенді жұрт қос бетінен.
Гүлнұры жаралған-ды таза ардан,
Жарыста Олжас дара бәйге алған.
Сұлулатқан сарысы, арқалы әнші,
Димашы аумайды бір Біржан салдан.
Ыстық әркез туған жер, ауыл маңы,
Сылаң қаққан Майбұлақ, тау да аңы.
Күлпан сұлу сыйлаған аман болсын,
Өскен,Өркен және де Оралханы.
Кенде емес әзіл-қалжың көріктен де,
Қалжыңбастар табылмас зеріккенде.
Шақтан қалған жындылық аяқ мынау,
Есер шақты еске алады еріккенде.
Келер күнге асығар көңіл тасып,
Өтуде өмір аяңмен, сылтып басып.
Қосағыңмен қоса ағар Айдар сері,
Бізден тілек шуақ көр заңғар асып.
Жазғыштар көп белгісіз бағыты әлі,
Жан сезім жоқ, жылусыз … ағытады.
Айдар досым қолыңа қалам алып,
Сен жазбасаң кім елді танытады.
Майбұлақта үндес дос тұратындай,
Айтпай сырды тереңнен ұғатындай.
Жаңылмасам 60-та аты әйгілі,
Жұлдыздан бір жазушы шығатындай.
Әдебиетке белгілі көзқарасың,
Ақыннан өзің жайлы сөз тарасын.
Болмашыны бауырым сылтау етпей,
Сақтайтын шақ туғандай сөз сарасын.
Айдаржан-ау дырдумен той да өтер,
Асау таймен Димаш та үйге кетер.
Бала жастан, аға жас кезек алса,
Қосағыңмен баянды Бақ та жетер.





Пікір жазу