БЕЙНЕТТІ ІСІҢ ЕЛЕНЕР
Ізгілікті мұрат етіп бойына,
Әрбір пенде күн кешеді бұйырған.
Жаны саудың не келмейді ойына,
Дақ түсірмей, сергек жол тап қиырдан.
Достарым көп қалың елде қарсы алған,
Біздің өмір сал-серілік ағасы.
Күйкі тірлік күйбеңі де тамсанған,
Азат елде артқан текті бағасы.
Аспан ашық бір шөкім бұлт көрінбей,
Тұрған тұста жұрт жылайды қарадан.
Пенде пасық сөз тасыған ерінбей,
Жер қаптырған ұлтжандыны наладан.
Дарындарға тәуір жұмыс табылмай,
Құлықсыздар қызмет алған биіктен.
Жемқорлардың жемсауын бір жиырмай,
Өркенді елге тұсау болды-ау күйіктен.
Билік үшін ханталапай тартыста,
Жоғарыда жүзге бөлу кәнігі іс.
Шалғай ауыл құда-жекжат, айтыспа,
- Деген жан жоқ, - сандалмағын бұл не түс.
Шет жайлаған өкпелемей ешкімге,
Елбасыға ұзақ ғұмыр тілеген.
Жүзге бөлген арада жоқ ешкімде,
Соларменен шуақ өмір сүрем мен.
Ішке бүгіп азын-аулақ наласын,
Мәнді сөзге құлақ түре біледі.
Қонағына қой сояды жарасым,
Бақытты өмір пейілімен сүреді.
Бара қалсаң Алматы мен Астана,
Қазақшылық, кеңпейілдік азаяр.
Өзекті жай бір күн күту - баспана,
Шәй бермесең қалай қазақ марқаяр.
Тұтқындайын қиын шақта қаласың,
Ойлап жатқан ұятты жоқ ешкім де.
Шымкентте қайта қарсы аласың
Дәл соларға шай бересің, бөстім бе?
Осылайша талайлармен қоштасам,
Мүлік жинап, тиын санап күн көрген.
Жалған дүние бола алмаймын ешқашан,
Мен солардай мәңгүрттікке мүлгіген.
Ердің жасы елуге де таяппыз,
Тәңір бізге берер дейсің қанша жас.
Ұрпаққа үлгі, өнеге іс аяқсыз,
Қалмаса екен, жігерлі жас қажымас.