ЕР ТҰЛҒА
Азат күнде ел жайын баяндайын,
Бауыр жайлы айтқанда аянбайын.
Елбасымен Нұрлы Күн нұрын төккен,
Шуақ шашқан шалғай ел Шаяндайым.
Іші тарлар жүргенді күйіп-жанып,
Шаян атын шығарам оным анық.
Өмірзақтай бір бауырым су келтірсе,
Марат мерей келтірді бүкілхалық.
Деп жырлағам қиын шақ тоқсан жеті,
Шешкен едің мәселе желдің өті.
Аталатын ауылда сан жылдардан,
Ауыз суға зар жұрттың көнген еті.
Ардақ тұтам тектіні қалай көрер,
Сарай ақын деп мені талай сөгер.
Бәйдібектей бабадан жаралғансың,
Қалың елдің тілегі өсіп-көгер.
Тыңнан салар соқпақты бастағансыз,
Мақсатты іске пенделік қыспағансыз.
Қай кезде де ұятты қойып алға,
Кездерің жоқ аяқсыз тастаған іс.
Санада жоқ жаман ой алабөтен,
Іскерлікті өлеңмен жырлап өтем.
Сырдарияға көпір сап, Көксарайды,
Көркейткен іс оң тірлік болды бекем.
Соның бәрі ұрпаққа үлгі-өнеге,
Оқы, ізден, білім ал өзеуреме.
Дегендейін ойларға жетелейді,
Болмайтынға жас өркен елеңдеме.
Бар тәрбие білгенге өскен үйден,
Айырмасын десеңдер тәуір күйден.
Әрекет ет қимылда шет тіл меңгер,
Бәрін оқы, қазақша терең үйрен.
Деген ойлар жиірек мазалайды,
Өріс керек ұрпаққа қасқа тайлы.
Уысыңнан шылбырың шығып кетсе,
Асау тайда жел қуған жазалайды.
Анталап та көршің тұр алақайлап,
Жымияды жұғымсыз балақайлап.
Өркениетке Барыс боп ел ұмтылса,
Кереғарлау қимылдар шалағайлап.
Сыртта сыпсың сөздер көп өрге тасың,
Домалаған шақтарда досың-қасың.
Сабыр сақта патшаға жәрдемің бар,
Тілегіміз бойға сіңсін ішкен асың.
Үкіметті талай жан сағалаған,
Тектілер ғой тұлпарды тағалаған.
Нұркеңдей біртуар дара тұлға,
Әркез сенің ісіңді бағалаған.
Мамыр-мейрам гүл иісі аңқыған,
Өзен-көлде үйрек-қазы қалқыған.
Билікте жүр талай жандар сүлдесіз,
Оқшауланып, ұялмайтын халқынан.
Ақын өрді жыр маржанын жарыла,
Шалғай елге көңіл бөлсең тарылма.
Өзің сынды орны бөлек тектілер,
Жаралған-ды Тәуелсіз ел бағына.
Тас жарады білсең тамған тамшы да,
Саят-олжа несібе ғой аңшыға.
Ел бірлігі, Отан-Ана Туған жер,
Деген тұста рух-жігерді қамшыла.
Ер жасына еңкүлеп келер жасың,
Аман болсын отбасың жеке басың.
Сен бір батыр майданда-өр кеуделі,
Болып тұрған талайдан мысың басым.
Ел еңсесін тіктеген заман мәні,
Ұғынғанға шырқалған самал әні.
Қалың елің тілейді саған саулық,
Жарқын іспен дәулетті, сәулет сәні.