Ай екеуіміз...
...Тамыз айында тым қашықтағы ауылыма сапар шектім.
Поездан түскен соң да жеңіл машинамен талай жол жүру керек.
Кештете шыққанбыз... Көп ұзамай қараңғылық түсіп кетті. Әлі көп
жүру керек... “Қалың қалай?” деп, жұлдыз біткен жамыраса бастап
еді, айдың сабырлы да, салқын әрі өктем үні оларды сап тыйды. Оң
қапталымда, биікте, бір қырынан жайғасып алған ай қалмай ілесіп
келеді, тоқталмай әңгіме айтып келеді... Бір сәтте мен өзімді ауылыма
қарай ай жетелеп әкеле жатқандай сезіндім... Қараңғылық қоюланған
сайын ай айқындала түсті. Менімен бірге жүріп келеді... Жүзіп
келеді... Айтқан әңгімесі де тым қызықты, тым мұңды, тым әсерлі...
Ай:
1
Жерден аттанғандар
Дүниеден жоқ болғандар
Маған келеді,
Шаршап, шалдықпай
аман келеді...
Олар зәру ғой
сенің дұғаңа
Олардың көмегі –
Саған керегі
2
Терезеңнен телмірдім,
Тілдесер деп...
Көз қиығын салмадың,
Күнге шөлдеп.
Күнді күттің –
Сонда мен жылап тұрдым,
Бұл қылығың
жабысып мың кесел боп.
Тәтті ұйқыңды күзеттім
Білмедің де,
Үнім жүрді булығып
түн демінде.
Жарық қана тұрады көлегейлеп,
Өштігім жоқ әйтпесе
Күнге мүлде...
Мен:
1
Жарықты сүйемін –
Сен де жарықсың.
Налып жүр едім –
Сен де налыпсың,
Айым...
Тілдескім келеді
Тылсым үндермен
Құлағым тұнды
Күрсінулерден...
Күнді іздегенім
Үміт қуғаным,
Өзімше мұңды
Ұмыт қылғаным...
... Бәрібір саған
Жуық тұр жаным...
2
Сағынған ай,
Жұмбақ ай,
Налыған ай
Саған жеткен ақынның халі қалай?
Жерді аңсай ма,
Біздерді – елді аңсай ма
Біздің жүрек ағаны сағынады-ай!!!
Маусым айы
Түн еді, ай қиылған.
Тап болды екен сұм ажал қай қиырдан...
Рухы ұшты құс болып саған қарай,
Жас парлатып, көңілге қайғы құйған...
Ақын кеткен аттанып...
Бізден жырақ,
Көз жасына қара жер
Жүзген жылап.
Сауыр, Сайқан, Алатау түнергенде
Мөлт-мөлт мөлдір тамшыны
Үзген бұлақ.
Сұңқарбұлақ
Осылай аһ ұрғанды,
Аспан тұрды
Жазып ап атын мәңгі...
Айға аттанған ақынның даусын іздеп,
Шерлі көңіл өлеңдер
Жетім қалды.
Маңғаз еді,
Жан еді жүрегі кең.
Жыр ойнатқан кеуденің түнегінен.
Саған барып мәңгілік қоныс тепті,
Сені көрсем,
соны іздеп бір егілем...
Ай:
1
Білесің бе,
Мен туралы аңызды?!
Сол аңыздың түбі шындық тәрізді.
Маған мәңгі Рух болып қонақтап,
Ақын біткен әңгіме айтар маңызды...
Мен Адамнан
айға айналған екенмін,
Талай ғасыр тылсым сырды көтердім.
Пенде біткен пенделіктен қажыса
Түнге ілесіп, жанашыр боп жетермін.
Жалған мынау
Жараласа жаныңды,
Тіл қатамын тастап шық деп тәніңді.
Ай-бесікте әлдилеймін сонан соң.
Оны, сені, тағы, тағы бәріңді...
2
Жерде сәттік тіршілік
көкте - мәңгі,
Көкке шырқап кетті деп сөкпе жанды...
Жерде тәні – бас, бауыр, өкпе қалды,
Ақын аңсап аттанды көктегі әнді...
Ақын жаны санамас айды бөтен,
Мен болармын мәңгілік жайлы мекен.
Ажал деген – жан үшін бостандық та,
Пенделерге тым ауыр... қайғылы екен.
Жалғызбыз-ау...
Жерде – сен, көктегі мен,
Сонан соң да көзіңе көп көрінем...
Тау түндерде түс көрсе мен туралы,
Сені іздеймін солардың бөктерінен...
3
Мен – тылсыммын...
Тілімді түсінбей
Сен күрсіндің...
Тымық түндерде
Саған ұмсындым.
Сездің бе?!
Мен - өлеңмін,
Көктен қол созып,
Қуат берермін.
Талай жаңарып,
Талай көнердім...
Көрдің бе?!
Сөзге сенерсің,
Бәрін жеңерсің.
Алдыңғылар салған жолмен
Маған келерсің
Бір күні...
4
Ауылға кіре берісте Ай тура алдымда тұрды.
“Көрдің бе, сені аман-есен үйіңе жеткіздім. Әзірге!” деп
күбірлегендей болды да... үнсіз қалды...