ӨНЕГЕ
Келген беті студент туған ауыл,
Кез болатын жыл мезгіл, көктем – сәуір.
«Құдық қазған инемен» күйді кешкен,
Білім қуған бозбала еді тәуір.
Айтқанынан Қарабігіз қайтпайтын,
Келер уақыт парыздарын ақтайтын.
Дейтін бала-зейін қойып тарихқа,
Әке айтқанын зердесіне сақтайтын.
Отырыс кластастар басты қосқан,
Қалай қалсын ол дағы думан-дастан.
Балбыраған арулар ернін өбіп,
Шырын шақта сілтепті шарап-тостан.
Түн ауғанда қайтатын мезгіл жетті,
Дәл сол шақта бір досы әрең кепті.
Бүгін менде туған күн жалғайықшы,
Таңсәріде қайтайық достар, депті.
Одан әрі екінші үй дастарханы,
Би биленді, ән салып достар тағы.
Ұйықтап тұрған жас жігіт су іздеді,
Ұрттап шарап қайтты үйге, баста бағы.
Қүлыпталған дәу қақпа қарсы алды,
Әуреленді ашам деп, сарсаң салды.
Аттап түсті ақыры саңғырлатып,
Үріп шыққан ит танып, үнсіз қалды.
Әлтек басып әр жерді алға жүрді,
Жиіркенді өзінен «мырс-мырс» күлді.
Дәл сол кезде айқара есік ашқан,
«Демалсаңшы, балам», - деп әке тұрды.
Масаң бала бір бозарды, қызарды,
Жақ қарысты, денені мұз-тер шалды.
Кешір әке, сасып тұрмын, кешіргін,
Сасып тұрмын, - деумен тілі ұзарды.
Жылы шырай, мейір әке көзінде,
Қапалық жоқ, үміт артқан сөзінде:
- «Сасысаң сасы жөн іске, сасы, - бірақ,
Бықсымай жүр,» - деген сөзі есінде.