ЖАЛҒАСТЫҚ
Дәл әкемдей Отанын ер сүйіп пе,
Бала шақта болдық оған күйік те.
Ес жинаған шақта жиі ойланам,
Ғажап қиял қанат қағып биікке.
Өкпек желі Арыстанды-Қарабас,
Жиратқанын айтпай кетсек жарамас.
Шаян шаһар Алғабаста орталық,
Жаңа үйлер тоқал таммен аралас.
Бес жыл оқып әрең тұрдың жұмысқа,
Шабытпенен іс қылмасаң дұрыс па?
Алған білім, тоқығаның әдірем,
Барып келгін, алып келгін жұмыс па.
Бас тігетін жай да жоқ қой өлімге,
Сен-ақ,- атым тура келді көнуге.
Алашапқын өтті бес жыл зуылдап,
Бір күн бастық болып шықтық бөлімге.
Көк түтінді будақтатып тұрғанда,
Құдайымда тас төбеден ұрған ба?!
- Бұлттан асып кетіпсің-ау, жан балам,
Деп тұр әкем, - ес жинап бет бұрғанда.
Қоламтасын түкіріп тез өшіріп,
Шылымымды тастап, таптап, түкіріп.
Жатқан шақта келе алмай өзіме,
Бір сөз айтты жат қылықты кешіріп.
-Бақыладым ту сыртыңнан бірәз сәт,
Шылым тарту тал бойыңа емес кәт.
Деген сәтте: -Не тартамыз?- деп қалдым.
-Түк таппасаң тастағанмен таза тарт.
Деген сөзі көкіректен кете ме?
Бойда парыз жатқандай ма өтеле.
Қиын шақта демеп әркез келесіз,
Ауырлықты бізбен бірге көтере.
Сезінемін сырттан қарап тұрғанын,
Бақылайды, әулетті ойлап жүр қамын.
Шалыс басар кезден өттік ағайын,
Ұрпаққа қамын, ұлттың қамын “жыртамын”.