29.08.2022
  131


Автор: Талғат Орманов

ЖҰМАҚ СЕНІҢ ТАБАНЫҢНЫҢ АСТЫНДА

Алдымда ағам болған соң және әпкем,
Балаң жақта жан көрмедім ренжіткен.
Сусар апам тіккен күрте шибарқыты,
Көзтартатын керемет нұрын төккен.
Пісірген Жамал анам тапа наны,
Сары маймен шылап жеген кірер жаны.
Сілекейі шұбырып сүйсінгендер,
Пысық келін атаған ауыл маңы.
Кір жуып, жаяр киім желпілдетіп,
Зыр қаққызып ұл-қызын елпілдетіп.
Келер күнге үмітпен сенім артып,
Өсірді перзенттерін желкілдетіп.
Рахияң ажыратқан оң мен солды,
Эраңыз ақын, Дана ұстаз болды.
Су тұнығы Бақытжан бұлақ басы,
44-те доктор боп, бақ кеп қонды.
Қос дипломды Мұхитың таза аңшы,
Орман баба саяты болған тамшы.
Қарабігіз бүгінде ел еркесі,
Тірлігіне ар-ұят болған қамшы.
Көңілдері қашанда тасып-толған,
Теміржолға Шолпан қыз асық болған.
Ән тербеген сезімді Айман қызың,
Сазгер-әнші ел-жұрты ғашық болған.
Құдай қосқан қосағың әкем Садық,
Жауды жеңген қаһарман нағыз-анық.
Жөн уәжге тоқтаған, Биден қалған,
Мәнді сөзге ауыл-жұрт тегіс қанық.
Қызы қайтпас Сұлтанбай алған беттен,
Тербейтін әуезді әні болса көппен.
Ардың-гүрдің ортаны жақтырмайтын,
Байыпты сөз сөйлейтін жылы леппен.
Соңғы үлгімен талғамды киінетін,
Жамал апай,- деп жұртта сүйінетін.
Иіссуын «Москва» ұнататын,
Ауыл болып анама иілетін.
Қасиетіңнен айналдым анам шуақ,
Дәл өзіңдей сырлы жан маған қуат.
Дерт шарпыған сәттерде тек арайлы,
Ақ параққа иманды өлең туады.
-Бар үмітім сенсің ұлым білемін,
Көзге ұрсып, сырттан саулық тілермін.
Рухты жігер қызыл тілден берген соң,
Жарқын етші Боралдайдың іреңін.
Дегендейсің жан анам ұғынамын,
Ақын ұлдың мұң-жырын ұғынар кім?!
Күйбең тірлік Серіңді алаңдатпас,
Биігінде шырын жыр жығылармын.





Пікір жазу