ШЕЖІРЕ МЕКЕН
Атамекен Боралдай атырабы,
Жұрт Қостұра дегенде «аһ» ұрады.
Балық ұстап бір кезек демалсаңшы,
Деп «Мұрынтас» қол бұлғап шақырады.
Қызәулие, Қитушал, Жетімтұра,
Кете алмайсың тарихқа мойын бұра.
Жәнібек саз, Ырғайлы, Текше, Асу,
Сыр шертеді шежіре елден сұра.
Қасиетті Қаратау – Қаратасым,
Домалаған өзіңмен өрге тасым.
Емге дауа саф ауаң, рух береді,
Жаным құрбан сол үшін қара басым.
Саған арнар тым бөлек сағынышым,
Қиял берген, ой желген сағым үшін.
Әсем ауыл мың алғыс әулие жер,
Теректі жаралғандай бағым үшін.
Байқалмақ, Тұттыбұлақ, Садырқамал,
Кеңтоғай, Шаншар тұстан ескен самал.
Жамантас, көкпар тартсаң Қандым жатыр,
Көсіліп, салым салған палуан талай.
Қолда бабам Бәйдібек жырлап өтем,
Қошқар ата керемет үлкен Бөген.
Киелі Домалақтай анам жатыр,
Бойында кесенесі Бала Бөген.
Бес анаға тәу етіп жұрт табынады,
Құрбан шалып, жолымды аш деп сабылады.
Қаратауды қақ жарып Тараз асқан,
Қасқа жолмен ел Алматы ағылады.
Азат елім аумайды Ақ барыстан,
Аппақ ишан көз тартар тым алыстан.
Сан күмбезі өзгеше шебер өрген,
Тарихқа бойлаған жұрт құп алысқан.
Үш мүшелден ақын жыр өріп келген,
Теріскей мен Күнгейім төрін берген.
Шаян шаһар жылма-жыл жасаруда,
«Қарабатыр» кесенесі көрік берген.
Өрмесем жыр арқалы жарамасым,
Белгілі ғой, тапса ой жан-жарасым.
Жел өтінде жеті жыл қақталғанмын,
Тыныс берген Арыстанды-Қарабасым.
Шұқыршақ, Ақмешіт пен Ақбастауым,
Сырын бүккен, ішіне Жеті отауым.
Қатпар-қатпар қыртысың тыныс ашар,
Арнасам жыр түзелер сөз саптауым.
Ашық күнде ағайын сырын білмес,
Жанына тәкәппар жер жақын жүрмес.
Шыбықбел, Одаман мен Мұзбел асу,
Қаңтар- Ақпан суырса өткел бермес.
Жолға шықсаң үлкеннен батаңды ал,
«Туған жерді аяла...» деген мақал.
Мінезім бірде көл де, енді бір шөл,
Табиғат неткен әсем, неткен қатал.
Ұлыңмын биік шыңды қиялаған,
Кең дүниеге қиялмен сия алмаған.
Табиғат пен үндестік тал бойыма,
Құрсағында анамның ұялаған.
Қазата, Шақпақ саған мың сұрағым,
Жайқалған неткен майса көк құрағым.
Тасқұдық, Жиенқұм мен Сарқырама,
Сылаң қаққан Ағыбетте Майбұлағым.
Жолғабас пен Кеңес ел бағзы-көне,
Көктеректі жырлайық біз де бөле.
Төрт түлікке кең жайлау атамекен,
Көнбіс халқы мерейлі Кеңестөбе.
Мыңбұлақ, Қайнарбұлақ, Досан көлім,
Ақбұлақ, Қосбұлақпен басқан шөлін.
Екпінді мен Жүзімдік елге қоныс,
Денге шипа Ақтас су, жайлау – төрім.
Қараүңгір, Сарыарық пен Көлбастауым,
Аңдайсың ба, неліктен ой-тастауым.
Амансай, Қызыларық жер жәннәті,
Ақын болып жөн екен жол бастауым.