ҚАҺАРМАНҒА
Бауыржан Момышұлы текті бабам,
Әрбір айтқан сөзіне көңіл алаң.
«Отан үшін отқа түс, суға да түс»,
Не күймейсің, батпайсың деген атам.
Сөздері салиқалы санамызда,
Оқыған сайын артар бағаңыз да.
Өзіңіз жоқ болғанмен, рухың биік,
Жүргендей араласып арамызда.
Айтқанын ұға білсең «Алтын қақпа»,
Шөліркеген өркенге білер шақта.
Сіміргеннен ақталмас ел сенімі,
Сіңіріп ап, ұлтыңа үміт ақта.
Асығыстық болмайды білер жанға,
Ұлт тірлігі ұйықтатпас ұзақ таңға.
Азат елді асқақтат шамаң келсе,
Тыңнан соқпақ қаласың, өзің таңда.
Сұсты бейнең әлі де көз алдымда,
Тірелген тұс екен-ау жан алқымға.
«Не жоспар?» деген тұста ашуланып,
- Білгенімді алып қал жаным барда.
Деген сәтте отты көз сәуле шашып,
Ашу-ызаң кернеді бойда тасып.
Енді ойласам сол күндер қайта оралмас,
Кеткен екен талайдың мысын басып.
Артта қалған мұраңыз бізге көмбе,
Байлық болса, батырлық бір-ақ демде.
Секілді көрген бүгін талай қазақ,
Мансап қуып теңелді өлерменге.
Тәуелсіздік тұғырын нықтар тұста,
Елбасының бағыты бізге нұсқа.
Болған шақта көрнекті биіктерге,
Жазылды айшықты ойың, мәнді-қысқа.
Ұлттық дәстүр – көкпарын өңгереміз,
Өркениетпен терезе теңгереміз.
Ағылшын, қытай тілін меңгерген соң,
Баукеңді қайта оқып жөнделеміз.