29.08.2022
  103


Автор: Байыт Қабанұлы

Биыл келдім қырықтың алтысына

Биыл келдім қырықтың алтысына
Жүз жастың жуан орта жартысына.
Не істедім кәнеки, не бітірдім,
Түсу парыз ертеңнің талқысына.
Өмір сүрдім әйел ап, бала бақтым,
Талабымды жігермен тағалаттым.
Талас пенен тартыстың жалғанында,
Жағаластым жанымды жаралаттым.
Әр нәрсені талпындым ұғынуға,
Өрмелеуге, сүрініп жығылуға.
Үйрендім мен бәрін тек үйренбедім,
Бұғынуға, бүркеніп тығылуға.
Мен деуден мен қай жерде тартынбадым,
Мұз ішінде қайнадым сарқылдадым.
Тас тұрса да алдымда кесемін деп,
Қынабы жоқ қылыштай жарқылдадым.
Өнер бақтым сөз жемдеп жалындадым,
Өзімнен өктемге де жағынбадым.
Арындадым, жалтақтап жалынбадым,
Өлездікке баспадым бағынбадым.
Алға тарттым сарқылып сандалмадым,
Білмегенді сұрадым арланбадым.
Иемденім көргем жоқ ен, таңба сап,
Жалған намыс, жалғанның жалған бағын.
Сондықтан асқақтанып армандарым,
Аспанға жетті жерден салғанда әнім.
Қуансам қуанышы ол қазақтың,
Қазақтың зары болды зарланғаным.
Сөкті мені «орынсыз оттады» - деп,
«Қажетсізді қайдағы жоқтады» - деп.
Бірақ ешкім әзірге айта алған жоқ,
«Өлең жазбай бұл Байыт тоқтады» - деп.
Оны ешкім айта алмас мен барымда,
Мен барымда, кеудемде жел барында.
Бейітімнен бәлкім шын ән естілер,
Аман қалған артымда ел барында...





Пікір жазу