29.08.2022
  103


Автор: Байыт Қабанұлы

БАЙШІКЕШ ЖӘЙЛІ БАЛЛАДА

Көктің иісі жыбырлатып мұрынды,
Қызыл жасыл гүл бәйшешек
сырды қозғап бұрынғы.
Жас қыздардың жап-жалаңаш балтырлары
алаңдатып тынымды,
Көктем келген көкірекке жұғымды.
Өмір бай ғой ұрындырар оңайға да қиынға,
Кез келесің бірде ақ самал,
бірде ақ боран, құйынға.
Біз дағы сол ұлы өмірдің
шеңберінен шыға алмай,
Кез боп қалдық тағы да бір
ұлы думан жиынға.
Той болған соң кім бармайды
жиналыпты қанша адам,
Танымайтын жаты да бар,
“көрсем” деген жақының да бар әрине аңсаған.
Барған жерден қошеметтеп:
«Өлең оқы, кітәп бер» - деп қиылды,
Жайылған қол, жайсаң көңіл,
жәудір көздер самсаған.
Сол қошемет көңілімді масайратты,
ақтарылдым;
өлең оқып елді аузыма қараттым,
«Жаңа кітәп дүкендерге түсті бүгін»
дегенді айтып,
дайын жүрген аз кітәпты тараттым.
Осы кезде топ ішінен түрегелді байқағанға
байлық, шайлық, майлығы бар бір жігіт,
Өн бойында қызуы бар арақтың.
Асқақ сөйлеп өрге салып ажарын,
Тек өзіне аударып ап көпшіліктің назарын:
- Ақын інім жаңа кітәп бар ма - деді, қалтасына
қол салып,
- Бар - деп едім он мың сомдық кітәбымды
бес жүз мыңға сатып алды
көрсеткендей ғажабын.
Соны көрген қалың қауым қолын соғып
шуылдасты,
бай жігіттің жомарттығын мақтады,
(Бай жігіт те ол сенімді ақтады)
Арақ ұстап:
- Бес жүз мың сом ештеме емес
жақсы өлең, кітәп үшін
бұдан да артық ақша жұмсап шыдаймын,
Ақын сізді тойдан кейін үйге апарам
қонақ болып қайтыңыз – деп,
тағы да бір үлкенірек аттады.
Той тарқады әлгі жігіт
«оқасы жоқ, қой десем» де бой бермеді
айтқанынан таймады,
Қымбат үлкен көлігіне отырғызып
үйге қарай айдады.
Жол жөнекей:
«Кітәп құмар бұл жігіттің үйі толған
кітәп шығар көрер ме едім» - деп ойлап,
Тез жетуге асықтым мен;
адам деген түкке тұрмас бірдемеге
алданады-ау қайдағы.
Бірақ олай болмай шықты,
Үйге кірдік жаңа ғана таныс болған менің мырза
«жолдасым»
Жорғалатып «МАҚТАН» атты жорғасын.
Бастан аяқ маған бәрін көрсетті,
Бір кітәп жоқ,
қымбат асыл жиһаздарға лық толған
екі қабат, сегіз бөлме ордасын.
Соны көрген менің көңілім
бағанағы «тез жетсем» - деп
алға тартқан ақ сезімді жоқ қылды,
Енді жылдам кетейін деп асықтым мен
оның қымбат жиһаздарын
ескермедім боқ құрлы.
Кетерімде қарап едім ол қолына екі бүктеп ұстап
тұрған менің жұқа кітәпшам:
«Әке мені бұл тозаққа тастап кете көрмеңіз» -деп
азан-қазан жылағандай боп тұрды...
Бай үйінен шыққаннан соң
жалғыз өзім ойға батып, мұңға батып
кер даланы кезіндім,
Төзінбеске де төзіндім.
Жаным деген жалғыз ерке
онбестегі қызымды,
Танымайтын тілін білмес жат жігітке
байлап-матап ұстап беріп
қайтып бара жатқандай боп сезіндім.





Пікір жазу