29.08.2022
  100


Автор: Байыт Қабанұлы

Қар жауып тұрды тып-тынық күздің

Қар жауып тұрды тып-тынық күздің
тұп-тұнық торғын көгінен,
Ери жауған қарменен бірге
елігіп, елтіп егілем.
Ел көшіп кеткен секілді бейне
көңілдің жайлау төрінен,
Сау емеспін тегі мен.
Көкдөнен сынды көңілім менің
айрылып шырай шырқынан,
Көшеде даңғыл көп тұрдым жалғыз
арылмай қойды мұң - тұман.
Тіршілік деген тасқынға ағып
мұршасы келмей қарауға,
Қарбалас жандар барады өтіп
жанымның жанап сыртынан.
Құлын да құлын жапырақ шашып
құлазып тұрған күздеймін,
Мұқалып біткен жүздеймін.
Ғасырлар бұрын ғайып боп кеткен
бірдемелерді іздеймін.
Білемін олар табыла қоймас
сонда да күдер үзбеймін,
Құлағым салам тымырсық күзден
бір әуен іздеп тың тыңдап,
Әуен емес; бір қыздың даусы
естілгендей ме шым шымдап.
Өкініп, өксіп жылайды сол қыз
жақыннан және алыстан,
Маңайында басқа, басқа қыз келіншек
шуыл да шуыл күлісіп жатыр жыртыңдап.
Көзімді жұмып, бассам да құлақ, басымды,
Шашасына шаң жұқпас жүйрік
ой - тарлан әкеп ғайып боп кеткен ғасырды.
Айласын ептеп асырды,
Іздегендерімнің ізін де менен жасырды.
Қайда екенін байқамай қалдым
мен іздеп келген мәренің,
Табамын қайдан
таптырмас дерттің дәрі-емін.
Жұртта қалған жұпыны жетім баладай.
Азан да қазан жылауда мұңлы әлемім...
Көкдөнен сынды көңілім менің
айрылып шырай шырқынан,
Көшеде даңғыл көп тұрдым жалғыз
арылмай қойды мұң - тұман.
Тіршілік деген тасқынға ағып
мұршасы келмей қарауға,
Қарбалас жандар барады өтіп
жанымның жанап сыртынан..





Пікір жазу