29.08.2022
  112


Автор: Байыт Қабанұлы

Айналасын құйын етіп

Айналасын құйын етіп
аспанға атқан қара жердің тастағын,
Артта қалды-ау, артта қалды
ауыздығын қаршылдатқан
басасау құр жас шағым,
Әйтсе дағы қырық жастың қырқасында
менің алғыр алып қыран
жүрегім дүр сілкініп,
Аударылып, төңкеріліп тілгілейді
әлемдегі әдебиет аспанын.
Мен әрине арындаудан тартынбадым,
тартынбаймын,
шамданатын біреу болса шамдансын,
Қыран сезім қыр айлансын,
кеудесіне оқ қадалса да
пешенелі аңды алсын.
Соны көрген көзі соқыр, керен құлақ
асқақтаған алкеуде мәрт дүние,
Қазақ деген көшпенді елдің
арынына қанық болсын
таңдай қағып таңдансын.
Бұл әрине мақтан емес
дархан дала бере салған дауыл өрттің екпіні,
Осы тума дауыл өртін дауылдатпай
иба сақтап бүгжектеумен өтті емес пе
бұл қазақтың көп күні.
Енді жетер тізгінімді қоя берем,
тепсе тепсін текелері суға кеткен
тексіз сұмдар тектіні.
Мойындатам мен соларға
қарапайым қырдың халқы,
жырдың нарқы
қалай-қалай ерітерін жүректіні еттіні.
Бұл сөзімді естіген соң:
«Құтырынып кетті Байыт...»
десе десін надандар,
Жағдайым жоқ оған менің алаңдар.
Әгерәкім құтырғанда
мендей болып дүниені тербесе,
Құтырынса құтырынсын адамдар.





Пікір жазу