Кім осы мына салмақтап көрді
Кім осы мына салмақтап көрді
сарылған сартап уақытты,
Салмақтап ешкім жатпаса дағы
сандалып күндер батыпты және
сарғайып таңдар атыпты.
Кім өмір сүріп тоздырып,
тозып өтпеді дейсің.
Бірақта:
Мен өмір сүріп ән қылып өткен
санаулы жылдар бақытты.
Бай болуға талпынсам мүмкін болар едім,
мен басқаға тамсандым,
Тамсанғанды таңдайыма басу үшін
маңдайыммен
талай қатты тас кесекті қарсы алдым.
Кеше ізденіп жетеріне жетпей кеткен
бабалардың кек пен шерін
сезіу үшін еңіредім жыладым,
Барша әлемге тарап кеткен қазақтарға
дауысымды жеткізбекке “ән салдым”
Өзгелерден артығырақ сезінем деп
тылсымдарын тылсымның,
Мың бір көктеп мың сындым.
Кешегінің бүгінгіге қалдырғанын
көрдім дағы қуандым,
Бүгінгінің еш сыйы жоқ сиқын сезіп
келешектің қамын ойлап күрсіндім.
Мен барымда
мына дүние керемет боп керілсін,
Кері тарлан өлеңдерім жалын болып
көкіректен төгілсін.
Жырлай жырлай мен кетермін
жалған сұмның жасырынын паш етіп,
Содан бастап мен өмір сүрген
қып-қысқа жылдар
келешек күнге қып-қызыл шоқ боп көрінсін.