29.08.2022
87
ӨРТ ТІЛЕДІ КӨКЕЙІМ
Тасыр-тұсыр бұршақ ұрды,
күн күркіреп, борандатты боз қырды,
Жасын өртеп, дауыл соқты
делебемді қоздырды.
Тыныш жатқан ақын жаным алас ұрды,
дала мінез оянды,
Орақ тілмен от көседім,
ой жетпеске қол, бойымды создырды.
Өрт тіледі көкейім,
Өр кезімде өртенейін
өртке құмар өр халықты
өртеп-өртеп өтейін.
Арқан, құрық салынбаған
асау, тағы, жыртқыш, көкжал
өлеңіммен, сөзіммен
Айналасы жалғыз тұтам мына әлемді
астаң-кестең етейін.
Саңқылдаған қыран сезім ұшсын көкке
ұрынбасқа ұрынсын,
Жүрегінің түгі барлар жүзделсін де,
жігері жоқ бұқпа қулар бұғынсын.
Дала - дарын дауыл болып бұрқыраса,
нажағай боп өртенсе,
Не боларын
қабырғаға қамалғандар жан тәнімен ұғынсын.