29.08.2022
  93


Автор: Байыт Қабанұлы

ҚОНЫС АЙТҚАН “ҚОҢЫР” СЫР

Шын мәнінде сорлы әкенің
мақсат діті өнбей қалды көздеген,
Менің досым теріс қарап жылап жүріп
жеңгесімен жалғыз-ақ жыл өмір сүрген,
жалғандыққа төзбеген.
Әйменді іздеп көп жүгірді,
таба алмады, жері де жоқ кезбеген,
Содан бері арақ ішіп көшеде жүр
өзек жалғап өзгеден.
Анда санда жолыққанда
өзін-өзі «жөн» дейді,
Менің айтқан ақылыма көнбейді.
«Мен онсызда біткен жанмын
сен қам жеме мен үшін,
Орынына досым десең
бір жарты алып бер» - дейді
Сондай күннің біреуінде
тұрса екен деп күн көкте,
Досымменен сыр шертістім
қол салғандай ілгекке:
«Енді бәрі өтіп кетті,
сол кездегі болған істі жасырмай,
Маған айтып берші» - дедім,
шын түсініп білмекке.
Оның сірә құлақ күйі бабына кеп бұралмай,
Әрі менің көңілімді қия алмай,
Көп отырып иіле алмай, сына алмай.
Әңгіме айтқан мынандай:
- Зар еңіреп жылап жүріп
жан ағамның берген күні жылдығын,
Мына өмірдің көрдім тағы сұмдығын.
Әкем байқұс жалғызым деп
мені алып қасына,
Аяғыма басын қойып
етіп тұрып құлдығын:
- Балам, балам!
Жан-тәніме балап жүрген ардағым,
Сендер барда жау жоламас
қорған еді жан жағым.
Асқақ еді арманым,
Бүгін бірің кеткен күні
мен өмірдің әлпетіне дұрыс қарай алмадым.
Маған Алла екі ұл берді
артық та емес, кем де емес,
Деп ойлаушы ем
екеуіңсіз менің бағым өрлемес.
Бүгін бірін қайтып алды жасаған,
Енді алдымда асуы жоқ өр белес.
Мен атадан жалғыз едім,
он болайын деп едім,
Амал бар ма толмай қалды көнегім.
Бірін бүгін түбірімен боран жұлып әкетті,
Болған еді еккен егіз терегім.
Ағаң кетті тұрған еді шымылдығы желбіреп,
Жеңгең қалды
жаңа пысқан қарақатай мөлдіреп.
Екі алтын сынық қалды соларды ойлап
жан жүрегім бара жатыр елжіреп,
Келер күннің келешегі қалай болар
бүгін соны кім айтады белгілеп.
Ұнамаса шешімім,
Сорлы әкеңді кеш ұлым.
Алдыңдағы жалғыз ағаң өтіп кетті есілің,
Жеңгең сенің жесірің.
Анау жетім бауырларың өгейлікке бармасын,
Әкесі бол, қам көңілін ауласын.
Аласартпа тау басын,
Асыл жеңгең үзігіңді жалғасын.
Болса дағы сенің ойың басқада,
Әлі біткен әкеңді өртке тастама.
Шаңырағы ортасына түсіп мына баспана,
Қайда барып тентірейді екі жетім жас бала.
Болса дағы сенің ойың өңгеде,
Қабырғама қайта қайғы теңдеме.
Тағдыр мынау Алла берген пендеге,
Үйлен енді жеңгеңе» -
- деді әкем қарт жанары
жасқа толып мұнартып,
Мойыныма нар көтермес жүк артып.
Ерлігімді жолсыздыққа сыналтып,
Үнсіз қалдым шарам болмай қылар түк.
Қарсы болсам
қаталдыққа төзе алмайды сорлы әкем,
Қабыл алсам жанып тұрған
бақытымды қолды етем.
Сұңқар соққан ор қояндай
шыр айналдым шырылдап,
Бұдан былай алдымдағы жол бөтен.
Мына тағдыр өз дегенін етерінде
болады екен тым епті,
Жау шаппай-ақ қанқақсатты жүректі.
Не әкем мен сәбилерді отқа тастау,
не ғашығым сүйгенімді суға ағызу
бір таңдау,
Былай тартсам атым өліп,
былай тартсам арбам сынып
жігерімді құм етті.
Серпи алмай сұм тағдырдың тұманын,
Сөндіре алмай жүрегімнің
маздап тұрған шырағын.
Соңғы қалған жалғыз үміт;
Әйел болған үш жас үлкен ағама,
Өзімменен бірге оқыған жеңгеме кеп:
«ҚАРСЫ БОЛ» деп жыладым,
Қалай ғана мін тағасың ол бейшора
мұз үстінен тайғанда,
Ой санасын өрістетіп өрлете алмай жайлауға,
Сүт құйғандай айранға,
Жылап тұрып келді басқа байламға.
- Көп-ақ еді арманым,
Амал бар ма жетер жерге жете алмадым, барар
жерге бармадым.
Болды бітті екі сәби балам үшін
қабыл алам атам айтқан тілекті,
Тосып алам тағдырымның
сор басыма салғанын.
Кешір қайным осы болды
аңдып-аңдып басқан із,
Сен екеуміз жиырма бір-ақ жастамыз,
Ағаңды ойла,
содан қалған екі сәби баланы ойла,
мені ойла,
Бізден аттап барғаныңмен сені баққа бөлемейді
басқа қыз…»
Ешдеме де дей алмадым алғаш рет
өз-өзіме жалған сенім жапсырдым,
Ісін еттім Қасқырдың.
Үліпілдеген нәзік таза сезімімді
арандадым тасқа ұрдым,
Махаббатқа мүсәпір боп, жылай-жылай
ӘЙБӨПЕМДІ тағдырына тапсырдым.
Осылайша:
Ой сананың дәт мүддесін күш білген,
Орақ тілді тіс тілген.
Махаббатты мазақтаған,
ғашықтарды азаптаған бұрынғы,
Ескіліктің ең ақырғы шеңгеліне
ең ақырғы құрбаны боп түстім мен.
Бірақ, бірақ әкемді ойлап
құрбандыққа шалсам дағы өзімді,
Азаматтық, адамдығым
еркімнен тыс езген құрттай езілді.
Өзің таңдап сүймеген соң
күшпен жұмсап болмайды екен сезімді,
Қашып кеттім жеңешемнен арақ маған
артығырақ сезілді...
- деген еді жылап тұрып
махаббатын көксегендей көктегі,
Құдай оның жан арманын қайта қабыл етпеді.
«Сенің сүйген азаматың
арақшы боп шығып кеткен көшеге»
- деген сөзді Әйбөпеге айта алмадым,
дәрмен дәтім жетпеді...





Пікір жазу