ӘЙМЕН ҚЫЗДЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Мұны естіген Әймен оған үндеген жоқ, реніш те
етпеді,
Келбетіне мұң үйрілді қайта оралып өзегіне өрт
қойғандай өткені.
Содан барып жайбырақат маған қарап
ана-мына бірдемені
сұрастырып ортырды да сабырмен,
Әңгімесін былай бастап өткен істі тектеді:
...Арамға.
Өкінбеймін балар болсаң
бала мені наданға.
Жалғыз туып,
жалғыз рет өмір сүріп,
жалғыз рет өлетұғын өмірде,
Жалғыз рет ғашық болдым
жалғыз еркек адамға.
Сол арманға жетсем-ау деп
көп сермедім қолымды,
Таптырмады оңымды.
Өзі ғашық болмағандар,
болса дағы оңбағандар қасарсып,
Қиып кетті жолымды.
Көзге шұқып көп ішінен
таңдап атап атымды,
Көздеген соң адал батам атылды.
Өз бақыты маңдайына
құт болмаған біреудің,
Құрбанына шалды адамдар
менің махаббатымды.
Тым ертерек сезініп ем
алдымда ашық бақ барын,
Аз-ақ күнде сүйгеніме
тұрмыстанғалы жатқамын.
Өзі сүйе білмегендер
құрды алдыма қақпанын,
Атпай қалды ақ таңым.
Сен білесің ол күндері нелер істер болғанын,
Қалай-қалай шайқалғанын
менің бақыт орманым.
Енді бүгін ойда жоқта жолыққанда ескі дос,
Маңдайымнан иіскеудің орынына
жат біреуге сөз айтқыздың, қорладың.
Сен білесің,
мен жүгірдім ғашығымды қорғайын деп,
ол қолымнан келмеді,
Ең ғажабы мен қаншама талпынсам да
ол шегініп өзіне өзі көтермес жүк теңдеді.
Өзектегі ой өнбеді,
Махаббаттан адамдықты биік қойды ол,
мені тірі жерледі.
Бірде барып сүйгеніме:
«Мына жаңа заманда,
Адал сезім тапталмасын табанда.
Өмір бай ғой өзің ойлап тап жолын,
Қайғы әпермей
оған және маған да.
Жеңгеңе айт жетімдігін маған әкеп таңбасын,
Тоқтау суды ағызам деп
бөгемесін ағысымның арнасын.
Адамдықты ыластаған арсыздыққа бармасын,
Менің сәби сезімімді аяз үсік шалмасын...»
- деп жалындым,
жан тәніммен менің сүйген жігітім
Бос болды ма жібі тым.
Махаббатын сақтай алмай,
Жан сезімін ақтай алмай күмілжіп,
Тез арада үзіп алды үмітін.
Мен дайын ем алты әлемді айланса да еруге,
Не десе де сенуге.
Бірақ өзі талпынбады кейін тартқан кесапатты
жеңуге,
Ең болмаса шақырмады мені бірге өлуге…
Бір күн біздер кездесіп ек бақ-базарын
қайғы шерге ұрлатып,
Күні бойы үндемеді үн қатып.
Үнсіздіктен ол біткенде
үрейлі сыр тыңдатып,
Қарт Алтайдың иығына
бара жатты күн батып.
Көп қинады үнге толы үнсіз өткен кеш мені,
Сөйтсе дағы үзілмеді үмітім еш өшпеді.
Ақыр соңы оның ойлап шешкені:
Маңдайымнан иіскеді де жылап тұрып:
«ҚОШ» деді.
Өшіп бара жатты менің
жарқыраған шырағым,
Тына қалды сырғып жатқан ұлы ағын.
Қарасы оның өшкенінше
тастай қатып тұрдым дағы қозғалмай,
Көк майсаға құлай кетіп үгітіліп жыладым.
Арқа сүйер асқарым деп
сенім артып сүйгенім,
Көріп тұрдым көз алдымда
күлге айланып күйгенін.
Оны емес жәбірледім өзімді,
Іс болмады ерте ойланып түйін етіп түйгенім.
Еш нәрсенің байыбына бара алмадым
санам қалды сансырап,
Айдалада кімім келіп
жұбатады хал сұрап.
Сүйенетін сүйген жаным
тастап кетті тантырап,
Жан жүректі қинап жатты сан сұрақ.
Содан кейін жас азамат
бейшора бір күйге енді,
Қисық келген тағдырына басын иіп үйренді.
Күш шығарып ұмыт қылды сүйгенді.
Жеңгесіне үйленді.
Болды бітті сүйген жүрек өз отына өртенді.
Сүт орнына дерт емді.
Өкініш кеп қарауытып басты менің өлкемді.
Көре алмадым, сезе алмадым ертеңді.
Дер шағымда
қанатымды көкке сермеп өрлеген,
Тағдыр маған сыйын тартты ...көлделең.
Көрерімді көрмей қалдым көрмеген,
Сусынымды жұта алмадым шөлдеген.
Шын сүйіп ем,
онсыз жарық күн көрем деп ойламап ем,
тағдыр олай етпеді,
Жалыныма су бүрікті,
ағымыма шеңбер салды, шектеді.
Одан кейін мен өзімді
пенделіктің пердесінен шығардым,
Қайта тізгін тартуыма
шама-шарқым жетпеді.
Мүсіркедім өзімді өзім өртке түсіп баратқан,
Күйге түстім күшік иттей
нар төбетке талатқан.
Аңсағанды ала алмадым,
көргеніме көне алмадым, не шара,
Өктемдікке басқаным сол
өшімді алдым арақтан.
Сезімімді ұрлатқан соң
мен асқардан аспадым,
Жас денемді иттерге арнап итаяққа тастадым.
Қатал тағдыр тамытынан қашпадым,
Сайтандықтың,
сайқалдықтың жаңа өмірін бастадым.
Содан кейін санамадым күндерді,
Білетінім күнмен бірге түн келді.
Кімдер кетіп кім келді,
кімдер көрмей кім көрді,
Бүгін міне отызжеті көршім болып үлгерді.
Қырық келсе қыс болады
күн түспейді көкейге,
Мүмкіндік жоқ сәкәку мен секейге.
Дәрменім бар болғанменен
дәмім кеткен сарқынмын,
Көптен қалған сарқын қайта
жан қажетін өтей ме.
Жігіт сендер дейсіңдер ғой
«қыз құшуға ептімін»
Епті болсаң ебін тауып
құмарлықтың ек гүлін.
Сірә кінә тақпаймын мен
жігіттерге сұлулыққа сұқтанған,
Махабатын қорғамаған ез ерлерге кектімін
Сүйгенімнен басқа жанға қатын болар
болды менде мүмкіндік,
Бірақ оны таңдамадым,
ол мүмкіндік құлқындық.
Құлқындықты қинамайлмай-ақ
тауып жүрмін бүгін де,
Жыртаңдықты сайман етіп бір күндік.
Мен тілесем сынап жүрген
сен де мені аласың,
Көрмегенді көргендей боп
өртенесің жанасың.
Сайтандардың әлемінен
сағаттыққа сая рахат табасың...
Тек қалтаңды қағасың.
- деді ару жолдасымның
қағып қойып арқасын,
Басып көріп қалтасын.
Күлді сосын: «Кешір» - деді,
салаланған саусақтарын ұсынды,
Көрсеткендей жарқылдаған
алтын, күміс жүзігі мен алқасын.
- Десеңдер де мені қанша
сайтан, сайқал, салдақы,
Қорықпаңдар
ұрынбасқа ұрынбаймын албаты.
Күйеуі бар бола тұра
көк аттыны өткізбейтін көлделең,
Әйелдердің айтыңдаршы
тап-таза ма жан, заты.
Білесіңдер әйел біткен емес менің күндесім,
Әйтсе дағы сену керек
адамзаттың опасызын білгесін.
Сендер қайдан білесіңдер
үйде отырған жарларың,
Сендер жоқта
біреулерге арнап жүр ме бір кешін…
Жә, жә қойдым
тоқталайын кетіп барам тым алысқа,
маған айып етпеңдер,
Ұққан жанға “осындайлау” боп келеді
адамдардан басқаша өмір шеккендер.
Бірақ, бірақ бізге келіп көңілдерін аулайды,
Әйелдері кеудесінен тепкендер.
Адамдардан сая, сабыр таппаған соң
көңіл іздеп көп шаршадым көк белден,
Өмір емес өрнек таптым өткелден.
Мына адамдар:«Жезөкше» - деп, «Салдақы» -
деп ат қояды, жиіркенішпен қарайды,
Сөйте тұра қай уақытта
қандай еркек бас тартпайды
кешкі “көбелектерден”
Білем сендер жиіркенішпен қарайсыңдар,
жиіркенішпен тыныңдар,
Маған қарап:
- Саған айтар басқаша бір
көңіл жылтар сырым бар.
Бұл өмірден тартып алған жалғыз сыйым
жан арманым сол менің,
“Көктен тапқан” жалғыз бақыт
ер азамат ұлым бар.
Сол періште менің адам екенімді
қайтадан бір мойындатты
тірі жүрмін бүгін мен,
Сәулеленіп келе жатыр түнектерім түңілген.
Соған, соған ризамын содан да:
Жылдарыма өкпелемен сүрінген...
Білесің бе махаббаттың құдіреті:
ЕССІЗ ҚЫЛАР ЕСТІНІ,
Егер құлай сүйген болсаң, сол жетеді; қызықты
емес дүние қуған мына өмірдің бес күні.
Өлгендейін ренжіп ем, кектеніп ем не шара,
Шын сүйген соң ренжіу мен кектенудің
болмайды екен еш құны.
Ешқашанда еске алмасқа өзіме өзім серт беріп
ем, ол қолымнан келмеді,
Өмір бойы жатсам-тұрсам соны ойладым,
өзгеше екен өр сезімнің өрнегі.
Оның бақыт құшағында болуын мен
шын тілеп ем құдайдан,
Қоныс жайлы айтшы маған ол қанатын қалайқалай сермеді???
- деп сұрады ол еш мүлтіксіз
шын пейілмен білгісі кеп талпынды,
Сол сұрақты қойған кезде оның мөлдір
көздерінен байқадым мен
жиырма жылдың алдындағы жарқылды.
«Жақсы» - дедім, одан басқа
ештеме де айта алмадым жартымды,
Қалай бұзам ...шартымды.