29.08.2022
  84


Автор: Байыт Қабанұлы

ҚЫЗ БЕНЕН КҮЗ

Сап-сары күз, сары қала, сап-сары кеш –
иі қанған елтірі,
Өз отына өзі өртеніп кететіндей
жас бойжеткен еркелейді
гүл-гүл жайнап өң түрі.
Тыныштыққа мойын бұрған егде жаным
елең, елең, елең етіп елжіреді, елегізіп елтіді,
Күзде соққан жұмсақ жылы қыз - ақ самал
жүзімді емес жүрегімді желпіді.
Сап-сары күз, сап-сары кеш
және сары күз - қала,
Іші сыртым, маңайыма
сыңғыр-сыңғыр күлкі шашып
«өрт қойып» жүр қыз бала.
Кигіз сынды күзгі дала қоңырсиды, қоңырланып
бара жатыр
күз аспаны қыз секілді сыздана,
Жан өлкемнің ұзақ алыс бір шетінен қол
бұлғайды мұз нала.
Өн бойыма қайта жинап
өшкін тартып бара жатқан
өрті басым құтымды,
Өлең айта бастадым мен
жайлап қана ұласымды ұтымды.
Тып-тымық кеш,
Тұп-тұнық көк
тыныш жайлы болса дағы айналам,
ҚЫЗ бенен КҮЗ бірдемеге таласатын
сықылды.





Пікір жазу