29.08.2022
  93


Автор: Байыт Қабанұлы

АЛЫСҚА КЕТСЕҢ ЖҮР ЕРКЕМ

(Ақын қарындасым
Алтыншапақ Қаутайқызына)
Жан едің жарық жылтың бар,
Жалында дағы шырқымды ал.
Тұрлаусыз мына жалғанды,
Тұтатып тұрған тұрқың бал.
Сағымға малып сарылған,
Жарылыс болып жарылған,
Жаныңды сенің кім тыңдар.
Ақындық деген ауыр жол,
Әйелдік нәзік қылпылдар.
Ауырдан қашып құлқындар,
Нәзікті шоқып құрқылдар.
Аяймын сені аяймын,
Жүрек жоқ бүгін жыр тыңдар.
Жыр тыңдап білмес сылықымдыр,
Жыртығыңды іздеп тың тыңдар.
Ұмытпа бірақ ұлылық,
Бұғауға көнбей бұрқылдар.
Ұлылық күтіп ұл қыздан,
Ұзаққа сенген ұлтың бар.
Ұғатын болса құлқындар,
Ұлылыққа тән жылтың бар.
Бірақ сен мұны біл еркем,
Беймәлім тұман күні ертең.
Тұманның сырын түсінсең,
Шам болып бүгін шын өртен.
Шын өртенсін деп гүл өлкең,
Артыңнан сенің сыр ертем.
Алысқа кетсең жүр еркем.
Мен деген тентек термемін,
Тереңге сүңгіп терледім.
Алашқа шашып антымды,
Арқанын үздім керменің.
Арқама жүк боп елдегі үн,
Алысқа құлаш сермедім.
Бәрі бір түк те көрмедім,
Көрмесем дағы пенденің,
Пернесін басып тербедім.
Зеріккен жұрттың зейінін,
Күміспен күптеп зерледім.
Зерлесем дағы кенденің,
Кетігін таппай шердемін.
Шер мұңға шебер қыз болсаң,
Шегінбе маған ер дедім.
Ермесең мейлі өзің біл,
Көкірегіме кеп көзіңді іл.
Пері емес мен де пендемін.
Не дейді қане сендегі үн.





Пікір жазу