ӨЛЕҢ ІЗДЕП ӨЛІП КЕТСЕҢ ӨКІНБЕ
(Ақын Сұраған Рахметұлына)
Сұраш, Сұраш қаламыңды ал,
кел екеуміз жалғастырып
жаралы елден қалғанды,
Өлеңменен өрнектейік өң түсі жоқ жалғанды.
Тым болмаса қуантайық
өзендер мен тауларды,
Қуратпауға серт байлайық
сусыраған бауларды,
Талықпайық шын күтейік таңдарды,
Таусап ішсін талғамдылар
таңсәрі ойдан тамғанды.
Ақын жүрек арман ойын орындайды
аларманға берерін бір береді,
Дала дарын дауыл болып ысқырады
төгіледі, төгеді.
Босана алмай көп толғатқан
екі қабат келіншектей жеті қабат өлеңді,
Жеті ай тоссаң тос жалықпай
өліп кетсең өл, өкінбе; келері әйтеу келеді.
Сені адамдар ақын дейді,
мені адамдар ақын дейді, қолдайды,
Білесің бе, адамдардың сол үміті
мәңгі көктеп жайқалады, солмайды.
Сондық үшін талпынбасақ
орта шелек толмайды,
Қатын болсақ бала тауып,
ақын болсақ өлең жазып
тасқа басып қалдырмасқа болмайды.
Неқылғанмен тоңқалақтап аяқ ілмей томарға,
Із қалдыру керек бізге
қойы да бар, қасқыры бар қоғамға.
Уақыттың қылқаламы
кімді қалай сызатынын өзі білер күні ертең.
Бүгін бірақ ол сурет таңсық емес
маған, саған, оған да.
Салға мініп суға ағып өткізгендей сан айды,
Келер күннен күтіп едім таң атуын арайлы.
Әттең бірақ,
Малға кедей асылдардай махаббаттың
сұраушысы ұл қыздар,
Жалған бақыт иемденіп
жан жағына көзін жұмып қарайды.
Соны көріп мен жылап ем, сен жылап ең
малекеңдер екеумізді боқтады,
Мыртықбайлар тыртыңдады
«мылтықтарын» оқтады.
Оқасы жоқ отқа түсіп не қыламыз оны ойлап,
Мен білемін кімге қатты тиетінін
келер күннің шоқпары.
Сұраш, Сұраш мына уақыт
мылқауға да сөз берер.
Күңіренбе, күреңіткен күндер бірақ өзгерер,
Ақиқатты алқымдаған жалғандардың
нақ бейнесі қандай екен көз көрер.
Күн бар кезде мықтымсынған көлеңкедей
көкеңдермен қараңғыда кездесетін кез келер.
Тек, тек әйтеу айланғанша
тастан құйған мүсінге,
Қаламыңды саусағыңнан түсірме.
Азаппенен арқамызды жауыр ету
парыз, қарыз ісіңде де, түсің де,
Алла бізге тамшы дарын ұсынғаны үшін де.