29.08.2022
  114


Автор: Байыт Қабанұлы

ҚАРИЯЛАР ҚАЙРАН АСЫЛ БАБАЛАР

Тауда туып, тауда өсіп
өлгенде де тау жастанған
тау ұлдары - ай армысың,
Сендерді айтсам аласарар
сеңгір-сеңгір асқақтаған қарлы шың.
Сақал-мұртты дуалы ауыз беттеріңе беттерімді
төсей алмай көп болды,
Сағындым ғой, сағындым мен
қайдасыңдар сар далаңда бармысың.
Шежіреден, шешендерден,
жыраулардан, абыздан,
Бізге қалған ертектерден аңыздан -
Мөлдір таза сусын жасап мәпелеп,
Бал шырын ғып таңдайыма тамызған.
Көретінін көріп мүлде бітпесе де
теретінін теріп біткен өмірден,
Ағайынға жанын бөлген
ақ айран боп төгілген.
Қара ормандай қарттарым - ай
дәулетке емес, малға емес,
Жөндеп берген жалғыз ауыз
сәлемге де семірген.
Бабалар - ай ірі едің ғой
іргеңді алыс сап көрмеген баршадан,
Ұсақтыққа берілмеп ең
кез болса да шаршаған.
Жер бетіне топан су кеп қаптаса да қаншадан,
Таңқаламын қылығыңа
тек ғана сол ірілікті, аңсаған.
Кішілігі нардай болса
кісілігі қомдай болған ғажаптар,
Ұрпақтары аңдай болса
ұлылығы жондай болған қазақтар.
Ескілігі қандай болса
естілігі сондай болған ғажаптар
Жау мен дауы қандай болса
қам мен заңы тордай болған қазақтар,
О, Бабалар әлі сенің нелерің бар
келе жатқан тектелмей,
Білсек екен
бес-ақ күндік тіршілікпен шектелмей.
Қолда қалған бірлі жарым мұраларың - уақыттың
көрмесі:
Біз көрмеген ескі күннің бет белгісін
кейінгіге естелік қып кеткендей
Арса-арса ақ самайың -
қылау түскен асқардай,
Ақыл тұнған кәрі көзің -
ақын әлі бастамаған дастандай.
Әппақ- әппақ сақал мұртың -
қаралықты адалдықпен басқандай,
Әжім басқан бет әлпетің -
әлемнің бар жасырынын ашқандай.
АҒАЛАР-АЙ,
бастарынан шекпегенді шеккендер,
ДАРАЛАР-АЙ, сонда дағы
қайратымен жетпегенге жеткендер.
БАБАЛАР-АЙ,
тарихқа талай-талай еселері кеткендер.
ДАНАЛАР-АЙ, сонда дағы
быжылдамай үнсіз ғана өткендер.
Кез болса да кесепатқа керпияздық бұлғанар,
Тұнықтыққа тұтқа болып
тұрмандары түгел тұрған тұлғалар.
Айтыңдаршы адамдарға, арамдарға
болып жүрмін жынданар,
Қақың бар ғой
қара ниет қарғаларға бұлданар.
Өмір сүрген кезі де ірі, өзі де ірі қарттарым,
Өрт шарпыған өзегі де,
өрт сөндірген өзі де ірі қарттарым.
Көпті көрген көзі де ірі,
көп көрсеткен тезі де ірі қарттарым,
Көп естірткен сезімі ірі,
аз айтылған сөзі де ірі қарттарым.
Даласына тартып туған
дархан дана паң мінезді ерлерсің,
Ырыс құттың иелері
тыныштықтың киелері сендерсің.
Қаттылыққа қайыспаған
қайсарлықтың түйелері сендерсің,
Мынау асқақ паң дүние
теңгерсе егер ал сендерді теңгерсін.
Құшақтары құнарлы кең
малға жайлы төскей сынды нұрлар-ай,
Жігерлері қажалса да
жігіттігін жоғалтпаған ұлдар-ай.
Ұланғайыр кең даладай
ұланғайыр үлкен арман армандап,
Ұсақтыққа жол бермеген
биік-биік шыңдар-ай.
Өздерің де Өр Алтайдай
өрсіңдер ғой, өрсіңдер,
Шекелерің жарылса да
қыңқ етіп бір шертілмеген шерсіңдер.
«Сояр малың жоқ болса да
өткір болсын пышағың»
деп үйреткен о недеген ерсіңдер!
Жалын болдың,
дауыл болдың жарқылдаған жасыңда,
Ізің жатыр өшпестей боп
туған жердің топырағында, тасында.
Куә болып күн кештіңдер күш пен тістің
күрең туы желбіреген ғасырда,
Енді кәзір әрбіріңнің орындарың
әрбір таудың басында.
Таңдарыңда будақ-будақ қаптаса да шаң тұман,
Зарларыңда тұрушы еді
шамырқанып шалқып ән.
Қандарыңда
домбыраның күмбір-күмбір күйі ойнап
Жандарыңда әңгіме, жыр аунап түсіп,
әзіл-қалжың қалқыған
Ел иесі, жер иесі, мал иесі азаматтар кеттіңдер
ғой қол жетпейтін жыраққа,
Жүгің қалды желмаяа атан,
ерің қалды желден жүйрік құр атта,
Еңселі есім-аттарыңды естігенде шұбыртпалы
көш көрініп көзіме,
Үйір-үйір көк-алалы жылқы шулап
естіледі құлаққа.
Мылтық алсаң құралайды көзге ататын мерген
едің, аңшы едің,
Таяқ алсаң маң-маң басқан
марқа көңіл малшы едің.
Арқан алсаң жылқышы едің
асауларды тақымға сап,
құлақтаған тұқыртып,
Қанар алсаң тезекші едің
жанұяңа қара табан жалшы едің.
Шоқпар алсаң батыр едің
дұшпандардың зәре құтын қашырған,
Атқа қонсаң арыстан ең
атажұрттың мәртбесін асырған.
Топқа барсаң балуан ең
атанжілік алып төсің ашылған.
Домбыра алсаң ақын едің
ақ толқын боп шашылған,
Кезің бар ма мына өмірдің
бей берекет бейнетінен тартынған.
Ұлысыңдар ұят арды ұран етіп
ұрпақ үшін сарқылған.
Дар алдында тұрса дағы
дархандығын жоғалтпаған
дала мінез ардағым,
Жазиралы жасыл өлке даласының
жартас құзын артық көрген алтыннан.
Береке мен мерекеге себеп болған,
ұйтқы болған жандар-ай,
Жолыққанда көзін сүртіп, маңдайына қолын
қойып... аңдамай:
- Ассалаумағоликум! - десең,
- Әликсәләм, қай баласың,
ел аман ба - деп жататын қауқылдап.
Заңғар-заңғар тау секілді
аңғал-саңғал кемпірлер-ай, шалдар-ай,


Жоғалтса да жастық арман жалындаған
от күндерін жоғалтпаған оттығын,
Әлі бітіп жатса дағы
әні бітпей биіктеткен шоқтығын.
Қуанышын көпшілікке бөліп беріп
қайғы-мұңын ішінен жеп таусылып,
Өз аузымен жария етіп еш көрмеген
тоқтығы менен жоқтығын.
Асыл тұқым тұлпар мініп
жауды айдадың білектегі күшіңмен,
Нарттығың ғой көк тағысы қыранның да бабын
тауып көк қасқырға түсірген.
Бір айтқанды екі айтпадың,
ұл қызыңа үлгі болдың ісіңмен
Бас иемін, тізе бүгем, сол ғажабың үшін мен.
Айырмасыз ағайындық құра білген
малдымен де жарлымен,
Бектен гөрі бейшораға сәлем берген алдымен.
Қол аяққа кісен салып терісін тірі сойса дағы
жанарында жасын ойнап шарқ ұрған
Арқалық пен Бүркітбайдың інілері
алыптықтың белгісіндей нар кілең
Бабалар-ай ойлағанға жеттіңдер ме, жеттіңдер,
Сендер, сендер елсізге де
ел ұрпағын ектіңдер,
Кейінгіге кеңділікті төктіңдер де
ер қылықты еттіңдер,
Асылдар-ай, жасындар-ай
қайсы қырға үнсіз сіңіп кеттіңдер.
Ұлты үшін ұрпағы үшін у сімірген
кескінді өткір жүздерден,
Малға кедей болса дағы
адамдыққа бай боп өткен ізгі елден
Қалай ғана айрылдық
біз ар ожданның сақшылары
кереметтей күздерден,
Айрылмас ек; амал қанша,
уақыттың жыра жылға, қалтарысы
адастырды-ау біздерден…





Пікір жазу