29.08.2022
  92


Автор: Байыт Қабанұлы

АҒАЛАР

Ағалар - ай,
ағалар - ай көп-ақ еді тілегенім,
сұрағаным сендерден,
Сендер неге жалықпайсың желікпенен
жемсауыңды жемдеуден.
Күн өткізіп келесіңдер
мен деуменен, сен деумен,
Араласып көрсеңдерші
жабырқаған ел жұртыңды емдеумен.
Ағалар – ай,
ағалығың керек боп тұр тақ бүгін,
Өздеріңсіз қайтіп, қалай естіледі жатқа үнім.
Қол үшіңді берші аямай осы болсын ағалығың
өзгертейін хат түрін,
Түсіп бара жатыр кәзір
елің, жұртың отқа інің.
Ағалар – ай, ағасың ғой жалынамын
ұйтқы болшы сұйыққа,
Сендер егер болмасаңдар кім жамау боп
жамалады қиыққа.
Мына қазақ шаршады ғой көтерсеңші иыққа,
Жол тауып бер інілерің тіреліп тұр тұйыққа.
Ағалар – ай, мен шаршадым түсіне алмай
қалдым сірә жат мінезін Күн, Айдың,
Қолдан келер ештемем жоқ бостан босқа шарқ
ұрамын, жылаймын.
Арттан ерген ұл-қыздарың аты сұлу болса дағы
заты қазақ болмай тұр,
Не қыламын айтыңдаршы
сендер барда кімге барып,
кімнен көмек сұраймын,
Ағалар – ай, інің ем ғой
мойныңа мініп өскен кешегі,
Ұғасың ба, осы шақта ел жеріңнің маңдайдағы
қасіреті бес елі.
Сендер сөйтіп жатып алсаң кейінгінің
үміт, үні өшеді ғой өшеді,
Ел тағдырын онда кімдер шешеді.
Ағалар – ай, байлық ғана деп көрсеңдер мына
өмірдің бастауын,
Қалай ғана адаспасын артыңдағы жас қауым.
Сүйсеңдерші бауырыңды, ауылыңды, үлкен
үйдің қара нанды астауын,
Інілерге сүйгізсеңші туған жердің
ұра жыра, тас тауын.
Ағалар – ай, саған қарап өсіп келе жатыр ұрпақ
кейінгі жас тентек күн,
Мәнін айтып берсеңдерші
кешегі әжем айтатұғын ертектің.
Бабалардан өздеріңе келіп жеткен салт пен
дәстүр, әңгіме, аңыз, дастандар,
Сендерменен тамам болып қала ма деп
зар жыладым, жер тептім.
Ағалар – ай, сендерсіңдер
ел бастайтын алтын айдар бағылан,
Тек сендермен мағыналы
ЕЛТАҢБА мен ӘН ҰРАН.
Сендер баста ұлы көшті, біз ерейік
жүк басуға жараймын ғой, іздегенде табылам,
Алауыздық, бақталастық, тақталастық
бізге қарай өтпесінші. Жалынам,
Маған түктің қажеті жоқ
дүниенің, шен мен шекпен, мәнсаптың,
Сол бір тастай қаттыларды жұмсартам деп
ән боп, жыр боп қанша ақтым!
Ағалар – ай, сендер бірақ
мал саттыңдар, жан саттыңдар, ар саттың,
Кешегі асыл бабаларды жоқтаттыңдар,
сағындырып аңсаттың!
Ағалар – ай, бізге қажет боп тұрсыңдар
келсеңдерші, келіңдер,
Өнер болып өртеніңдер,
өркен болып өркендеңдер,
өндіріс боп өніңдер.
Ел туы боп желбіреңдер,
Жер суы боп көлбіреңдер,
жеңіскер боп жеңіңдер,
Ұлттың ұран ұлы болып,
жұрттың қыран құлы болып
інілердің асқар таудай ағасы боп өліңдер.
Ағалар - ай, ағалар - ай келіңдер!!





Пікір жазу