Поэмалар ✍️
АЙЛЫСЫЗ АЙЛАР
I
Жалғыздық,
Неге бұлай саяқтандық,
Бейуақтағы сапарға жәй аттандық.
Неше көктем, неше күз жылжып кетті,
Қай көктемге біз өзі таяп қалдық?!
Жалғыздық,
Уақыт атты сәйгүлікпен,
Жарыссақ та, құрғырың сәл мүдірткен.
Мен үшін жиырма үшінші жазым- өлген,
Себебі- Келмес жаққа Айлы кеткен...
Жалғыздық,
Тас бауырсың, кектенемін...
Онсыз да өзіңе аян өткен өмір.
Кейде өзіңді бөлекше ұнатам да,
Кейде өзіңді тым қатты жек көремін.
Жалғыздық,
Қандай жан ең, түсі-мұңлы,
Толқытпас тосын ажал күші кімді.
Күрсінсең де, бәрібір, егілсең де,
Көктеміңе қарттықтың қысы ілінді...
Жалғыздық,
Бұл жазғаным-кейінгі өлең,
Сенімен құрдым білем, сейілді ерен.
Қарашаға жай ғана айта салшы,
Мен енді қауыс жаққа бейімделем.
Жалғыздық!
II
Ішкелі шарап қылып уын шердің,
Қараша күз айналған сырласыма.
Айлы бар деп алаңсыз жүруші едім,
Махаббат көмілді анау қыр басына.
Шын сезіндім сонда өмір жалғандығын,
Тағдыр назар салмайды көз жасыңа.
Жүректің беріш болып қалғандығын,
Білмейді келмегендер өз басына.
Өмір-өзен арнасы толқымалы,
Жылжығаны білінбей аға берер.
Кеудемдегі керімсал шер, тұманы,
Айлы болып тұп-тұнық қала берер.
III
Жазылып жетпей қалған хат жылаған,
Күзгі іңір, кеудесін от бұлаған.
Қарашаның жаңбырлы атқан таңы,
Жан мұңымды аямай осқылаған…
Сарсаң еттің, беу, тағдыр, бізді неғып,
Мезгілдер жүр мезгілсіз ізді көміп.
Ем болар деп жүректің жарасына,
Жалғыздық пен қайттым мен күзді көріп.
Нағыз досқа баладым айды көптен,
Орынды деп күлді ай барлық өкпең.
Алатауға жүрсем де арқа сүйеп,
Жек көрем Алматыны, Айлы кеткен.
IV
Тағдырдың ести-ести өктем үнін,
Орынын толтыра алман өткенімнің.
Айлыны алып кеткен сол мезгілге,
Өкпелімін.
Болғандай сезіміңнің құны бекер,
Ұры күн бөрідейін ұлып өтер.
Айлыға ажал оғы тиген мезгіл,
Жаз десе жан жүрегім шымыр етер.
Жолым болмай содан соң соқыр адым,
Мезгіл сынды меңіреу тоқырадым.
Уақыттың уысынды Айлы қыздың,
Елесімен сырласып отырамын.
Құс кетті аспан жаққа сені бастап,
Жан едің жаны жайсаң сенімі асқақ.
Көңілімнен өшірмен ешқашан да,
Жалғыздық кетпесе, егер, мені тастап.
V
Боранды кеш, басқанда түз аптығын,
Муза аралап қайтады мұзарт шыңын.
Бір білсе, аспандағы ай біледі,
Айылысыз айдың түні ұзақтығын.
Бейуақыт көзімдегі сырды елей ме?
Қамалады бір өксік мұң көмейге.
Жолаушыдай жол соғып, қалжыраған,
Өтпей қояр Айлысыз күн де кейде.
Қиын ғой өзіңе-өзің сыймағаның,
Шер, нала, көңілімді бұйдалады.
Қай пендеге айтайын ғазал қылып,
Айылсыз айлар қатты қинағанын?!
Аспанымның сейілтер түнегін кім?
Мүсіркеме, жүзімнің жүдеулігін.
Айлысыз айлар, жылдар басталғалы,
Дерті асқынып барады жүрегімнің.
VI
Тағы жалғыз қарсы алдым сені, күз,
Тағы жалғыз қарсы алдың мені, күз,
Қос тағдырдың ерімейтін жолы мұз,
Түсінбедік соны біз.
Әуелгідей сыр айтасың сен үнсіз,
Әуелгідей сыр айтамын мен үнсіз,
Құспен бірге оралады ол үнсіз,
Күтеді оны қаладағы жол үнсіз.
Қабағыңнан табын көріп қайғының,
Толқыды кеп менің көңіл айдыным.
Ақшам сөне ағып кеткен сол жұлдыз,
Тағдырына ұқсайды екен Айлының...
Тағы жалғыз қарсы алдым қауысты,
Қалтырайды бөтендіктен жан ішкі.
Мен сені іздеп аспан жаққа барар ем,
Серік етіп кеудемдегі ғарышты...
Бірақ...