29.08.2022
  105


Автор: Хамит АЙДАРҰЛЫ

ОЙ

Торғын белде тозаң ұшып не түрлі,
Ерке самал аймалайды бетімді.
Күйіп, күлге айналуда бейсенбім –
Менің тұңғыш махаббатым секілді!
Көп тұрмайды қасымызда көктем-қыз,
Өкінеміз... өкіндірмес өткен күз.
Аптабында күндер, айлар, жылдардың,
Күйіп жүріп ержеткенбіз, өскенбіз!
Күнікей-күн, күн тізбеңнен айт аңыз,
Салқын маусым, шарбат шілде, бай тамыз.
Табиғаттың құшағында тербеліп,
Қара жердің құшағына қайтамыз…
Ажар таяр, жаз-дәуреннен сән де оңар,
(Маған жолдас бола алмайды мәңгі олар.)
Албырт көңіл мына өмірден адасып,
Бұл күннің де шуағына зар болар!..
Торғын белде тозаң ұшып не түрлі,
Ерке самал аймалайды бетімді.
Күйіп, күлге айналуда бейсенбім –
Менің тұңғыш махаббатым секілді!





Пікір жазу