29.08.2022
87
ТАҒДЫР
Естелік бірге басқан арттағы әр із,
Екеумізді тек қана жоқтаған күз.
Құшақтасып қос ғашық тұратұғын,
Келе берем себепсіз баққа жалғыз.
Тым мұңлы бозторғайдың салған әні,
Сыздатып шыдатпайды жан жараны.
Екеуміз қоштасқалы білесің бе,
Сол бақта да бақыттың қалмағанын?
Бұлттар көшіп барады сырғымалы,
Гүлзар аумақ бір сәтке тұнжырады.
Баяны жоқ жалғанға, барлығына
Секілдіміз, Қалқатай, біз кінәлі.
Аумағандай бақтағы осы гүлден,
Бір естелік қалмапты-ау осы күннен.
Құпия сырға куә сол бақтар да,
Секілді әлі бізді тосып жүрген...
Еш себеп болмаса да ақталарға,
Елеңдейміз жол қарап, хат хабарға.
Біз баратын бақтың да бақыты кем,
Қазір құшақ жаяды басқаларға!