29.08.2022
95
ҚАРАША КҮЗ
Қай мұңымды айтайын, қала, саған,
Айтпайын, айтсам оны аласарам.
Хат жазып қайтқан құстың қанатына
Жіберем ауылыма қарашадан.
Бітпейтін жан екен деп әуіреңіз,
Айтатын алабұртқан таңы лебіз.
Сүйетін сағыныш пен қара өлеңді,
Қадірлі қарашамен жаным егіз!
Сыңғырлап ән салады бұлақ қырдан,
Тұғырыма өкпем жоқ тұрақ қылған.
Қараша қоштасарда дір-дір етіп,
Жапырақ сыр жасырып жылап тұрған...
Көктегі ай себеп іздеп күрсінуге,
Үн қосты дүлдүл дүние дүрсіліне.
Көңілімнің құпия тылсымдары,
Түнейді қарашаның кірпігінде.
Шертеді Қорқыт-ғұмыр даласы аңыз,
Шың-құзды, шыңыраулы, данасы абыз.
Тәңір берген шаттықты тәрік қылма,
Қараша, қараша қаз, қараша күз!