29.08.2022
113
КҮЗ КЕЛГЕН ТҮН
Шаштарын өріп алып меңіреу түн,
Даланың шиырлайды көгін еркін.
Солақай тағдырымның соқпағында,
Тоқтаусыз солқылдайды соны дертім.
Жел бөлісіп іңірдің көркем мұңын,
Беймаза тұнжырайды өлкем бүгін.
Қара бояу қасыма қалқып қонды,
Жолым болып қалардай ертең, күнім.
Бұл үміт-бос алданыш, үнемі айтар.
Барлығын түнге серік біледі әр тал.
Үнсіздікті үндемей жеңгенімді,
Тек қана жалғыздықтың жүрегі алқар.
Көп болды көңілде сыр іркілгелі,
Жанымның келе жатыр құр сүлдері.
Кеше тағы күз келіп есік қақты,
Естілді оның дағы күрсінгені...