ДІЛНӘРЖАН
Ау, Ділнаржан,
Отыз үлкен белес қой,
Көңілімді күпті етеді көмескі ой.
Өмір заңы екеуміздей құрдастың
Зілсіз-кексіз қалжыңдары емес қой.
Күрсінді түн, мен де сонда түңіліп,
Қарашаның жауынына жуынып.
Шақпы және сендерді ойлап жұбанам,
Сағынышқа өлер кезде буынып!
Күндер толқып уысында уақыттың,
Бағымызды қызғанады барқыт мұң.
Бала шаққа кетіп қалғым келіп жүр,
Күрсіндірсе көлеңкесі бақыттың.
Қарамаушы ем ауылдағы дәмге сәл,
Лебіздерің берер өңге өзгеше әр.
Мен сен үшін көтерейін қос бокал,
Сен мен үшін сағындым деп әнге сал!
Бауырына басты мені басқа өңір,
Өзегіме тепті аямай жат не бір.
Мен айтқанды орындайтын екі етпей,
Емес тірлік сен секілді ақ көңіл.
Ау, Ділнәржан,
Жырды жүрек тыңдасын,
Қиын сәтте төзім сағы сынбасын.
Ай бетінен аңыз оқып әр уақыт,
Алатаумен сырласады бұл басым.
Көп алдады көктемнің де көк белі,
Қараша, қаз қайтты тағы өкпелі.
Қос қарашық тарта берді бұлыңғыр,
Қасымда емес кіндік жұртым өйткені!