29.08.2022
  93


Автор: Хамит АЙДАРҰЛЫ

ҚАРАША

Қарашаның қайда ғазал мұңлы үні?
Терезеден ымырт-сұлу мүлгіді.
Құрғыр кеудем мұң өртіне жуық жүр,
Жанып, күлге айналады-ау бір күні.
Беу, қараша!
Серігім боп кел маған.
Екеумізге неге үйір шер-нала?!
Мезгілдердің ішіндегі шынайы
Жүрегімді түсінетін сен ғана.
Төрт тұрманы толық келген тор аттай,
Шабады өмір тағдыр-қамшы жолатпай.
Жақынымның жүрсем деймін жанында,
Қадірлі бір сезімдерді жоғалтпай.
Өскен елден жібермеді дос хабар,
Кірпігіне сыр жасырды қос жанар.
Бауырларға аға болар кезімде,
Беу, қараша, сенсің маған ес болар.
Көңілімде толқып сезім не түрлі,
Қиырларға әкетеді еркімді.
Өзгелерге жұмбақ менің сарайым,
Қарашаның қарашығы секілді.





Пікір жазу