Поэмалар ✍️
ХАБАРШЫ
Поэма
Қайсы маңда қай ауыл, кiм бiледi, Түн қара,
Түн қарада түсiп ем қара жолға мұңдана.
Ашуланып кетiп ем, басылмады ол-дағы,
Бұралаңдау себебi бұл маңайдың жолдары.
Жел кеулейдi етектен, елiм деп ем еңiреп,
Қыбырлаған мен ғана, селт етпедi төңiрек.
Селт өтпедi төңiрек, шаққа күлдiм зорланып,
Кететiндер әдетте кетедi ғой қорланып.
Жалғыз досым жел ғана, оның өзi әулекi,
Қызық қусам әкемнiң жетпес пе едi дәулетi.
Түн қарада түзiмде зорға жүрдiм тiстенiп,
Орға жықпай әйтеуiр қорғап жүрдiм, күш берiп.
Астымдағы атымның аты ғана ат деген.
Құстай ұшқаны болмаса қолға қонған бақ дер ем.
Өзегiмдi өрт қаулап, өр жолында бұралаң,
Жануармен жалы бар жортқаныма жұбанам.
Астымда ат, алдымда бұралаң жол, бұралаң,
Бұралаң жол, бетi боз құран далам тұр аман.
Әйтеуiр бiр мақтаныш, әйтеуiр бiр желпiнiс,
Ап келедi көңiлге жатқандығы ел тыныш.
Қанша ауылға бардым мен, қақтым қанша қақпаны,
Әлде суыт жүрiсiм. әлде өр тұлғам жақпады.
Ашылмады есiгi, бесiктегi ұлына,
Бермес пе едiм батамды серттi байлап жырыма.
Қайсы ауылға барсам да, меңiреу түн қап-қара,
Елiң болса меңiреу, тыныштығын мақтама.
Деген сынды иттерi қарсы алады абалап,
Өткiзбейдi төрiне төбеттерi табалап.
Қарсы алады итiмен, шығарып сап тағы да,
Абалану жоқ әлде ер жiгiттiң бағы ма.
Сұрар едiм, жоқ, әттең, ақсақалы бұл елдiң.
Ақсақалың жоқтығы қалмаған-ау киеңнiң
Деймiн iштей, ал сырттай не айта алам, не бiлiп,
Түндей ыза көңiлдi бара жатыр кемiрiп.
Ақыл айтар аға ада не ел берген бағам жоқ,
Түн қарада көп жорттым төккен терiм арам боп.
Жұбатады жалғыз жел, сыр тартады жаһаурап,
Тағы жортам содан соң аһау, аһау, аһаулап.
Астымда ат, алдымда бұралаң жол, бұралаң.
Оттай ыстық далада өрден ойға құлаған.
Өртенгенде құлап ем өрден ойға мен-дағы,
Ойдан өрге қайтадан шығатындай болмады.
Қондырмады бiр ауыл, қарсы алмады бауырлап,
Соның бәрiн бұл көңiл жүре бердi ауырлап.
Жалғыз қару мендегi намыс едi от қарыған,
Деп кесiп ем тар шақта ту астынан табылам.
Қайсы ауылға барсам да ит үредi абалап,
Тiлегiмдi тәрк етiп, жүрегiмдi жаралап.
Қатындары бұл елдiң бала емес ит таба ма,
Дедiм-дағы тағы да сiңiп кеттiм далаға.
Түн қарада түзбенен тарта бердiм туралап,
Тамырлы ағаш қураса, тiп-тiк тұрып қурамақ.
Құласам да орнымнан тiк құлармын түбi бiр,
Қаһарланып қайтемiн қара орманға құрығыр.
Қараша ауыл қырдағы қой-қорасын қорыған,
Жаны тыныш жатқанын жақсылыққа жорыған.
Ұйқың тыныш болсыншы, таң атқанын байқамай,
Көрер күнiң тағы да боп кете ме әрқалай
Деймiн iштей, ал сырттай не айта алам, не бiлiп,
Түндей ыза көңiлдi бара жатыр кемiрiп.
Тағы жорттым содан соң жанарымнан жас парлап
Көңiлiме тауды алып, сенiмiме аспанды ап.
Тағы жорттым, төбемде Ай жарысады атыммен,
Мәз шығар-ау, ол-дағы жарысқанға батырмен
Кiрiп бардым тағы да бiр ауылға төтеден,
Өзiм деген көңiлдiң бар өкпесiн көтерем.
Тағы бұрдым ат басын, қатты қақтым қақпасын,
Қонақ емес, сақтаса қарақшыдан сақтасын.
Шамы өшпеген сол үйдiң сенiп қақтым есiгiн,
Мен де өйткенi ұл едiм, ата қойған есiмiн.
Есiк ашты ақ бас шал – төрлет,– дедi, ер бала,
Бөлiсейiн барымды, бөлiсiлмес көр ғана.
– Ата,– дедiм, төрiне шыққаннан соң жайланып,
– Ермiн,– дедiм далаға қалып қойған байланып.
Қанша жорттым, даламнан кете алмадым кең мекен,
Елiм деген ерлерiн ел бiлмесе жөн бе екен.
Қанша ауылға кiрсем де елең еткен жоқ бiрi,
Шынымды айтсам бұл елдiң бақыр түгiл боқ құны.
Болар бала боғынан демеп пе едi арғы атам,
Өзiмдi-өзiм қарғайын, жатқа қалай қарғатам.
Керегi жоқ түгiңнiң, онсыз да өзiм түктiмiн,
Түктiлiгiм түк емес, күнiн кешсем күптiнiң.
Жер ошақта жатқан шоқ жылтылдады көзiм боп,
Тер боп ақты самайдан қысқан ашу сезiм боп.
Қазандағы қара су сорпа болмас құр қайнап,
Құр қайнақ су менiң де қос қолымды жүр байлап.
Қапалымын, ей, ата, өзгеге емес, өзiме,
Безiне алман елiмнен ел емесiн сезiне.
Соңғы сөздi айт, ата, орындауға серт берем,
Кең даладан осынау кет десең де кектенем.
– Балам,– дедi ақ бас шал,– далаң аман тұрғанда,
Момын халық бұл халық малдан басын бұрған ба.
Еркелейсiң елiңе елемедi деп менi,
Еленердей соншалық өткiзгенiң көп пе едi.
Не керегiн елiңе түсiнбестен таусылма,
Өзiңе өзiң өкпелер, өзiңе өзiң жаусың ба.
Момын халық бұл халық, бала халық тағы да,
Балалығы, кiм бiлсiн, соры ма әлде бағы ма.
Сәби сенiм кiм бiлсiн сезiм қуған, мал бағып,
Жатқан шығар бiр сәттiк тыныштыққа алданып.
Жалаң қылыш басында жалаңдасын демесең,
Бақ болатын далаңа жат боламын демес ең.
Жеке бастың наны емес, жеп жүргенiң ел қамы,
Жырың бiрақ жұлдыздың жылуындай болмады.
– Ата,– дедiм ақырын, – менiң де бар ақылым,
Сынаса жұрт осылай сынайды ма батырын.
Қанша ояттым болмады, оянбады жұлдызым,
– Жұлдыз сынды,– дедi шал, –
менiң де бар бiр қызым.
Тама берсе көк тасты теседi ғой тамшы да,
Сен де, балам, ат емес, талабыңды қамшыла.
Батыр батыр бола ма бауыр етi жылымай,
Құнын ұқпай қаңғырған ұрыншақтау ұлым-ай.
Ат артына мiнгестiр қызды мына, тастама,
Балалы үй базарлы баталы ұлға астана.
Қыз жымиды, жылуы күннен артық шынында,
Жар киесiн ақ бас шал балады ма ырымға.
Атқа қондым тағы да, алдымда жар, түн қара,
Түн қарада тағы да жолға түстiм мұңдана.
Астымдағы атымның аты ғана ат деген,
Құстай ұшқаны болмаса қолға қонған бақ дер ем.
Тағы жорттым түзiммен, төңiрегiм тас қара,
Жабырқаған жанымды жұбатпады жас бала.
Түн қарада тiк тарттым, көлеңкем де ермедi,
Ел дегенiм сорыма сортаң басқан жер ме едi.
Етем iштей шүкiрлiк, иттерi бар қабаған,
Иттерiне өкпелеп қасқыр болдым абадан.
Кiрдiм қанша ауылға, қақтым қанша қақпаны,
Әлде суыт жүрiсiм, әлде өр дауысым жақпады.
Ерлiгiмдi бұлдамай, есiгiнiң алдынан,
Қайтып жүрдiм оятпай төбеттерiн қалғыған
Қайтып жүрдiм, алдынан, айтып жүрдiм бұл жайды
Бұлдаса ер елiне өткiзгенiн бұлдайды.
Бұлданар ем, заманға зарымды айтып заң бұзбан,
Жұлдыздар да жоғалса жоғалмай ма жалғыздан.
Бiр жотада қалды жел жер бауырлап жайланып,
Қырға өскен көп гүлдiң қыз көркiне байланып.
Астымда ат, алда жол ойдан қырға өрлеген,
Өр көңiлге әрбiр қыр деп қоямын төр дер ем.
Атым менi, ал өзiм арманымды ауырлап,
Қалған бiр шақ қырдағы қарауылға ауылды ап,
Кiрiп бардым, баспана iздегеннен емес тек,
Арманыма астана асқақ әлем елестеп.
Тағы қақтым есiктi, сенiп қақтым тағы да,
Намысыма сендiм мен, қардан аппақ арыма,
Есiк ашты жас сәби ата қойған есiмiн,
Баталы ұлға аталы ұл есiк ашса несi мiн.
– Ұлым,– дедiм, қарашы, маңай бiткен түн қара,
Ұмытпа тек кешiкпей ататынын күн жаңа.
– Қызыр,– дедi апасы таң алдында ел кезген,
Қуан, балам, тағдырың қарайды ендi оң көзбен.
– Қыдыр, – дедi бала да, Қызыр дедi күллi ауыл
Күлiн қақты көңiлдiң жүрiп өткен бiр дауыл.
Ашу қысқан қос иiн салар демiн зорға алып,
Кеткен ұл ем о баста туған елден қорланып.
Қызыр дедi сол ұлды сақалы аппақ ана әлгi,
Өттi тағы бiр ғұмыр, ескi аңыз жаңарды.
Ендi бiлдiм, бұл халық естi халық екен ғой,
Ұйықтау емес, тiрлiгi үмiт ету екен ғой.
Түннен емес түнерген, нұрға толы таң алды,
Күнмен күткен жанына қанмен тарар хабарды.