29.08.2022
  86


Автор: Әмірхан Балқыбек

Ұйықтап кетсем, түс көремiн, түсiмде

Ұйықтап кетсем, түс көремiн, түсiмде,
Сенi сонша сүйгендiгiм үшiн бе,
Көрем ылғи өзiңдi һәм ананы,
Ал, ол сенi ренжiткен болады.
Құлақ аспай қысқы түннiң
күйiне,
Жан ұшыра жүгiремiн үйiңе
Сенi анадан құтқарғым-ақ келедi,
Әлi жаным, сүйемiн ғой себебi.
Үйiң бөтен, күйiң бөтен, бар тағы
Күйеу жiгiт қалталы һәм арқалы.
Түнi бойы терезеңнiң түбiнде
Дұға оқимын тiлекшiнiң тiлiнде.
Iштен күбiр үн келедi құлаққа,
Есiгiңдi қаға алмаймын бiрақ та.
Ұмыт болып әйел өкпе, ер мiнi
Табысқан да шығарсыңдар ендiгi.
Сезiмiм бар, жан дүнием бар
қорынған,
Көп тұрамын қозғала алмай орнымнан.
Тәңiрiнiң суланған ба жанары.
Көз алдымда көктен жұлдыз ағады.
Ең соңғы рет ширығады бар шыдам,
Қиналамын, суық терге малшынам.
Бетiм ысып оянамын сол сәтте
Жанарымнан ағып кеткен тамшыдан.
Көзден тамшы, бастан бақыт қашпаса,
Бәрi мүмкiн болар ма едi басқаша.





Пікір жазу