ЕСКI САРЫН
Тасқа аунаған шабыт – бұлақ, таспа құр,
Көкке құмар көзден аққан жас па бұл?
Думан болып төңiрек түгел дүрлiккен,
Бiр көктемде жарып шықты тасқа гүл.
Сұлулығы сандалтар сан серiнi
Сол гүл сынды сезiлдi ме келiнi,
Қарт таудың да мейiрленбес өмiрi
Қабағына қатқан қары ерiдi.
Өңiр де осы өлең құмар өңiр ед,
Гүл көркiне тамсанады төңiрек.
Гүл өмiрi өлең едi өйткенi,
Соның бәрiн ұстап тұрған көңiл ед.
Тас та жасқа иетiнiн аңдамай,
Ақын бiткен аңсап өткен арман-ай.
Өңiрiне өң кiргiзген сол бiр гүл,
Көңiл көзiн тұра алмады арбамай.
Ойы, қыры, оң жақ, сол жақ қапталы,
Паң ырғалып шабыт қысқан шақтары.
Гүл көркiне аузын ашты күллi алап,
Бiрақ ешкiм сөз айтуға батпады.
Армандаса ақылды аға, ер iнi,
Сол болғанын қалағанмен серiгi.
Өзiм үшiн деу болар ед барлығы,
Одан көрi қымбат ед гүл көңiлi.
Жiгiт боп сөз айта алмады ешкiм кеп,
Еленбесе сұлулық та ескiрмек.
Ай таң қалды, жұлдыз бiткен жамырап.
Гүл шайқалды жұмбағымды шешкiн деп.
Ерлiкке бар тумаппын деп бiр ердi,
Түсi қашып төңiрек түгел түнердi,
Бұл сезiмге ауыр тидi, амал не?
Гүл бiрақ та үзгенi жоқ күдердi.
Өмiр ғой бұл, төңiректе жоқ тыным,
Бiрi барын, бiрi айтып тоқтығын.
Ойсыздардың отырғаны той болып,
Ойлыларды опындырып өттi күн.
Теңдесiмен табысарын түбiнде,
Есiне алса қоя берер күлiмдеп,
Мұңсыз едi, ойсыз едi себебi,
Гүл бұлардың бiлгенi жоқ бiрiн де.
Тар маңдайға десек-тағы қайда бақ,
Тiк түспесе күн нұры да тайғанап,
Кететұғын тасқа өскен сол гүлдi
Бiр күнi бiр жiгiт тұрды аймалап.
Мұңды қуып, жұбататын жетiмдi,
Жыр оқитын сiлкiп тастап кекiлдi
Сол жiгiттiң ныспысы, аты Жел едi,
Еркiн едi ақын жаны секiлдi.
Өсер өскiн өз парызын өтесiн,
Ойыңа орал, той тойлап не етесiң.
Сол өңiрде думан болды, Тау қиды,
Жел ақын мен ару Гүлдiң некесiн.
Бұған дейiн айтылған жай ертектi,
Көп ұзамай бұлтын айдап Жел кеттi.
Жел жiгiт ед еңiреген елiм деп
Және сәл-пәл қаны қызу тентек-тi.
Қуандырар атыздағы жандарды,
Түз даланы көгерту бiр арманды.
Ақын жiгiт арманына аттанды,
Көз ұшында қолын бұлғап жар қалды.
Өмiр болып өтiп жатты күн тыныш,
Қатар самғап құлшыныс пен күрсiнiс.
Сондай бiр күн сейiл құрды сол маңда,
Серi жiгiт пен желiк қуған жыршы қыз.
Соны көрiп еске алды гүл өткенiн,
Аппақ жауын тасты иiткен көктемiн.
Есiне алды ол арман қуған ақынын,
Шарлап жүрген туған жердiң бөктерiн.
Сезiм жоқта, қырағы көз, қалғығын,
Амал қанша, жiгiт пен қыз дәл мұның
Бейхабар ед сырынан сол, бiлместiк
Бiр жарқ еттi жүзiндей боп шалғының.
Опасы жоқ топастардан тектi ана,
Тас болса да тегi ана ғой, шөктi ана.
Бүрдiң ғой деп аш белiнен мiн артпа,
Гүлдiң сырын саусақ сездi тек қана.
Көңiл көгiн күл болғандай от қарып,
Одан арғы жайды айтуға жоқ шабыт,
Бүкiл өңiр көзiн сүзген сол гүлге,
Қыз омырау бара жатты боп табыт.
Аспан көңiлi жылағанмен жауындап,
Ештеңенi айта алмады тау ымдап.
Адам қолы жасаған сол күнәнi,
Қыз омырау бара жатты ауырлап.
Өзiн өзi әлi ұқпаған мас әлем,
Қарс айрылмай шыдап қалды тас әрең.
Туған жердiң түнегi мен шуағын
Түсiнуге тырыстың сен, жаса, өлең.
Қой, мұңайма, күт келесi көктемдi,
Тастың мұңын зарлағаның жеттi ендi.
Жазалы, рас, гүлдi жұлған сол бiр жан,
Ал Ажал ше? Асыл сезiм боп келдi.
Есiл сезiм ел есiнде ендi ұмыт
Боп қалған кез, тастамасыншы ердi үмiт:
Гүл орнына тасқа тiреп маңдайын,
Жер бауырлап жылап жатты Жел жiгiт.
Таңсәрiде, ымыртта не iңiрде,
Тәркi дүние белгiсi бар түрiнде,
Тереземдi соққылайды күз күнi,
Әлдебiр мұң мәжнүн самал тiлiнде.
Өз орны бар ортасында сан құрдас,
Сыңғырлама, рюмкалар қаңғырлас.
Жүрегiме отырады қонақ боп,
Әлдебiр жан жаны желмен тағдырлас.
1992 ж.