САҒДИ ҒАЗАЛЫ
Хорасанның,
Бәлкiм Шираз түбiнде,
Ай қорыған махаббаттың түнiнде,
Өзiне-өзi күбiрлейдi қайыршы
Құда елiнiң шайырының тiлiнде:
Пайғамбарлық пейiлiммен құлаған,
Бiр қылығың үшiн сонда ұнаған,
Жанын жалдап,
Тәнiн сатқан күн неме,
118
Аршып сенi алмап па едiм күнәдан
Ұмыттың ба?
Ұмыттың-ау!
Ұмыттың.
Мұң боп келiп,
Мысым бастың, құрыттың.
Жаны еркiн кiре алатын жұмаққа
Аңқау басым көрдi әкесiн құлыптың.
Сонау күндер
Түсiретiн сенi еске,
Көз алдымда, айналған жоқ елеске
Махаббатта жүрек жалғыз,
Жалғызға Пайғамбар мен қайыршы бiр емес пе?
Құдай куә,
Пайғамбарлық еркiммен,
Қайыршы боп жер басуға көндiм мен.
Қайыс болып осу үшiн арқаңнан,
Шайыр болып сүю үшiн ернiңнен.
Амал қанша,
Амал қанша сен менiң,
Жыртық тоннан шын бейнемдi көрмедiң.
Қақпа алдында құр телмiрген кезбемен
Қырық шырағың
бәрi бiрдей сөнгенiн
Аязды түн
Ақыл тiстi
қақсатып,
Түйсiгi жоқтұл мойында басқатып
Жабыққанда, бататыны жаныма,
Сенi бай да алмайтыны, тас қатын.