29.08.2022
  130


Автор: Есләм Зікібаев

ҚАЙСЫ ҚАЙДА ТҰРАДЫ

Бірде отырып Айнагүл
Ағасынан сұрады:
– Аю, қасқыр қайда бұл,
Қай жақтарда тұрады?
Ағасы айтты:
– Ұғып ал,
Ормандарда болады.
Тоңса да олар,
Жылынар
Іздемейді қораны.
Тұрақтайтын мекені –
Жер астында апаны.
Жем іздесе кетеді,
Жайда ұйықтап жатады.
– Білсең, айтшы тағы да,
Құстар қайда болады?
Шаршай ма, əлде жаныңа
Неге келіп қонады?
Ағасы айтты:
– Ұғып ал,
Құстар түрлі болады.
Кезде шаршап тынығар,
Ұясына қонады.
Біреулері ұяны
Сулы жерге салады.
Біреуі құз-қияны
Мекен етіп қалады.
Бірінде жоқ баспана,
Тіптен ұя баспайды.
Жұмыртқасын басқаға
Өзі апарып тастайды.
– Жоқ, – деді оған Айнагүл, –
Сен білмейді екенсің,
Десем: «Балық қайда жүр?»
Жаңылысып кетерсің.
Сондықтан да ұғып ал,
Қайсы қайда екенін.
Өмір сүріп,
Тынығар
Көрсетейін мекенін.
Дəу кітапты қолға алды
Мақтанышты пішінде.
– Бəрі құс пен аңдардың, –
Деді, – осының ішінде.





Пікір жазу