29.08.2022
130
![](/uploads/shorttexts/author_image/2022-08-20-04-28-18.png)
СҰР ШЫМШЫҚ-АУ, СҰР ШЫМШЫҚ
Тас төбемде бір тынбай
Болып алып құйтымдай
Шырылдайды сұр шымшық
Жаратқан-ау шіркінді-ай!
Жаратқанда, керемет –
Таң қаласың неге деп?
Шырылдатып төбеге
Қойған ба əлде шегелеп.
Дір-дір, дір-дір... қағатын,
Көремін де қанатын,
Кете ме деп қиылып
Таусылады тағатым.
– Қарашы, əне, көке, тік,
Жоқ тіреуіш, не тетік...
Түспес пе екен төбеден
Төбемізге топ етіп?
Жеңіліс пен жеңісті əр
Көрсетер өр, еңіс бар.
Сұр шымшық-ау, сені осы
Ұстап тұрған не күш бар?!