28.08.2022
98
![](/uploads/shorttexts/author_image/2022-08-20-04-28-18.png)
ІЗДЕ МЕНІ
Ізде мені,
Мен де сені іздейін,
Сенсіз жаным құлазығын түздейін.
Құла түзде үміт бітсе, біткенің
Тірі жүріп үмітімді үзбейін.
Ізде мені,
Ізде мені, жарығым,
Іздеушісі жоқ адамның жаны – мұң.
Жер бетінде жүргенімді есен-сау,
Талып жеткен дауысымнан танығын.
Кеудеңдегі өшпесе от-жарығың,
Алау ет те,
Ізде мені, жарығым.
Іздесін деп бірін-бірі əу баста
Екеумізді жаратқандай тəңірім.
Тірі жанға келді көктем,
Келді Май,
Дүние тегіс орнында екен,
Сендім-ай!
Соның бəрін жадыратып, жасартқан
Сен – періштем, сен – жебеушім, сен – құдай.
Екі жүрек қағатындай кіл дабыл,
Осы кезде қуанамыз жылда бір.
Екі жерде бір тілекпен тост алу –
Тағдыр, тағдыр,
Тағдыр болар бұл да бір.