28.08.2022
  141


Автор: Есләм Зікібаев

Ғашықтық – махаббатың шын өлшемі...

Ғашықтық – махаббатың шын өлшемі,
Оны бірақ мысқалдап кім өлшеді.
ЖенПИ-дегі мың қыздың ортасынан
Таңдап алдым, əйтеуір, білем сені.
Сұлуы да көп еді, сымбаттысы,
Мінезі де биязы, тым жақсысы.
Сезім – көзсіз дейтіннің жаны бар-ау,
Сен боп шықтың бəрінен қымбат кісі.
Екі арман:
Бірі – Алатау,
Бірі – есілдік.
Арқауындай жібектің бір есілдік.
Тағдырымыз тоғысып бір арнада
Қыз өсірдік,
Шүкірлік, ұл өсірдік.
Өмір заңы,
Кімді кім қалай тыңдар,
Біреуді біреу биік санайтын бар.
«Кедей – бай,
Бай – құдайға жетсем» – дейді.
Көп бізді бақыттыға балайтындар.
Еңбегіміз еленді, еленбеді,
Көңіл шіркін бəріне елеңдейді.
Барға, жоққа байсалды қарайтұғын,
Əйелім бар білгірлеу менен гөрі.





Пікір жазу