28.08.2022
  99


Автор: Есләм Зікібаев

АРМАН ҚЫЗҒА

Мен сені таңым деуші ем кешегі атқан.
Мен сені гүлім деуші ем шешек атқан.
Мен сені ойламағам сұм бикеш деп –
Бақшама бүгінгі күн кесек атқан.
Ойлаушы ем таптым ғой деп арманымды,
Қызықтап күтуші едім алда күнді.
Білмеппін албырттықпен, аңғырттықпен,
Жаныма жара салып алғанымды.
Есімде сонау бір кеш – Арман бағы,
Енді алыс – бұлдыр сағым ол қайдағы.
Япырай, кеткені ме шыныменен,
Сырылып махаббаттың мол қаймағы.
Ол кезде жанарыңнан күлімдеген,
Белгісі сиқырлықтың білінбеген.
Қалайша жаза басқан албырт көңілім,
Қалайша күнім дегем, гүлім дегем.
Аларсың, алмассың сен еске, мейлің,
Мен бірақ өкінбеймін, «кеш» демеймін.
Жанымда күйі ойнайды қуаныштың,
Жабырқау отырғанмен кеште кей күн.
Ерніңнің татсам бір кез бал шарабын,
Сол күнді сағынбадым, аңсамадым.
Айта алман мен нешінші сүйіктіңмін,
Менен соң неше жігіт тамсанарын.





Пікір жазу