28.08.2022
99
СЫР
Япырау, қызық қой бұл өмір деген,
Кей кезде шалыс басам абайламай.
Тезірек түзеп алсам – көңілденем
Артыма шабан атша қарайламай.
Менің де қысым менен көктемім бар,
Кəдуілгі жылдың əр мезгіліндей.
Ыстық пен табанымнан өткен ызғар
Қалайша кете бермек көзге ілінбей.
Тынбаймын іздеуден, үйренуден,
Армансыз ақтарамын өмір томын.
Қанағат ете алмаймын сый көрумен,
Қанағат ете алмаймын көңіл тоғын.
Қалай мен ұға аламын ат қадірін
Көрмесем жол-жөнекей жаяу жүріп.
Үнемі тұрса жайнап бақта гүлім,
Мен үшін болар ма еді аяулы үміт.
Күздегі секілденіп солғын дала,
Өлеңім көктесе екен қалмай тегін.
Көрінер маған əсем сол гүл ғана
Суарса егер өзімнің маңдай терім.