28.08.2022
  118


Автор: Есләм Зікібаев

Сен мені бүгін көрмедің...

Сен мені бүгін көрмедің,
Бекіндің, бəлкім, көрмеуге.
Намыстан аз-ақ өлмедім,
Басылып қалды өр кеуде.
Жылдардан ұзақ секілді
Аз-ақ күн өткен арада.
Көңілімнен ауып екінді,
Қамалдым мұң мен налаға.
Қараңғы түнде жолымды
Көрсеткен нұрлы шырақ ең.
Аңсаумен мəңгі со күнді
Өтер ме екем, сірə, мен?
Көңіліңе қаяу түсіріп,
Болды ма кезім налытқан?
Шошынып əлде құс-үміт
Кетті ме ұшып жарықтан?
Жабығып жаным жазықсыз,
Жеткізе алмай сөзімді.
Байланған аттай қазықсыз
Айнала берем өзіңді.
Келемін желдің өтінде
Бəрін де, бəрін кешіріп.
Мен жоқта ертең өкінбе,
Сүйетініңді кеш ұғып.





Пікір жазу